Маңызды бастамалар мен шешімдер айтылды

Маңызды бастамалар мен шешімдер айтылды
фото: жеке мұрағатынан

Бүгінгі Президент Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары айқындалды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Салық саясатына қатысты ұсынылған тәсілді аса маңызды деп санаймын. Салық жүйесі бюджетке түсетін кірістерді қамтамасыз етіп қана қоймай, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың дамуына ынталандыруы тиіс. Сонымен қатар ірі капитал иелеріне салық жүктемесін арттыру жөніндегі ұсынысты салық ауыртпалығын әділ бөлу тетіктерінің бірі ретінде қолдауға болады.

Ең төменгі жалақы мөлшерін 100 мың теңгеге дейін арттыру туралы шешім де ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл – халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды қадам. Сонымен бірге баға мен күнкөріс құнының өсуін ескере отырып, азаматтардың нақты табысын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет.

Президенттің 2027 жылдан бастап шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін қарастыру жөніндегі ұсынысын да маңызды бастама деп есептеймін. Әкімшілік жүктемені азайту кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыскерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету тетіктері тиімді деңгейде сақталуы қажет.

Жалпы, Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды қолдаймын. Дегенмен кез келген реформаның тиімділігін бағалауда оның іс жүзіндегі нәтижелері басты өлшем болуы тиіс. Әрбір шешім нақты іске асыру тетіктерімен және оның орындалуына жауапкершілік жүктейтін шаралармен қамтамасыз етілуі маңызды. Түптеп келгенде, азаматтар реформалардың нәтижесін күнделікті өмірінде сезінуі керек. Бұл халық табысының өсуінен, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан, еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдайлардың қалыптасуынан көрініс табуы тиіс.

Ғамал Түзелбаев,

«Белсенді Азамат» қоғамдық қорының төрағасы