«Таза Қазақстан»: Астанада банк ұжымы ағаш отырғызу іс-шарасына қатысты

«Таза Қазақстан»: Астанада банк ұжымы ағаш отырғызу іс-шарасына қатысты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Қаланы көгалдандыру бастамасына KMF банкінің ұжымы да қосылды. Оның қызметкерлері елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, Нәжімеденов көшесінің бойына жаңа ағаштар отырғызды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қаланың экологиясына қамқорлық жасау кешенді тәсілді қажет етеді. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалармен қатар, бизнестің белсенді әлеуметтік ұстанымы да маңызды рөл атқарады. Көшеттерді банк өз қаражаты есебінен сатып алып, арнайы тәлімбақтан жеткізді. Ағаш отырғызылатын аумақ алдын ала дайындалды.

Бұл орынның таңдалуы да кездейсоқ емес. Нәжімеденов көшесі – қаладағы қарқынды дамып келе жатқан көлік және тұрғын үй бағыттарының бірі. Сондықтан жайлы қалалық орта қалыптастыру үшін бұл аумақты қосымша көгалдандыру қажет. Мұндай бастамалар экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, қала тұрғындарының табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Акция аясында тиісті қызметтер мен ұйымдастырушылар агротехникалық күтім жасау, суару және көшеттердің жерсінуін бақылау мәселелерін де қарастырды. Бұл әрбір отырғызылған ағаштың тамыр жайып, Астананың жасыл желек жүйесінің бір бөлігіне айналуына мүмкіндік береді.

«Таза Қазақстан» ауқымды акциясы елорданы одан әрі жасыл, таза әрі өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыру үшін бейжай қарамайтын азаматтарды, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктіруді жалғастырып жатыр.