1 қазан – Халықаралық музыка күні. Елордада Қазақстанның және Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның II халықаралық вокалдық өнер байқауының ашылуы осы атаулы күнге сәйкес келді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен басталған байқау Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында әлемнің 11 елінен келген таланттардың басын қосты. Халықаралық деңгейдегі маңызы бар байқауға әлемнің жетекші музыкалық театрлары мен консерваторияларынан келген танымал мамандар, профессорлар мен солистер қазылық етіп жатыр.

Қазылар алқасының құрамында Берлиндегі Staatsoper Unter den Linden мемлекеттік опера театрының солисі Анна Самуил, Шанхай консерваториясының доценті Ши Хэн, Париж жоғары ұлттық музыка және би консерваториясының профессоры Джордж Пехливанян, Ресейдің Үлкен театрының солисі Марат Ғали, Литва музыка және театр академиясының профессоры Дейвидас Стапонкус және италиялық тенор Джанни Леччезе бар. Ашылу салтанатында Нұржамал Үсенбаеваның өзі және қазылар алқасының мүшелері өнер көрсетті.

Байқауға әлемнің 11 елінен 85 өтінім түскен. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Литва, Қырғыз Республикасы және Түркия бар. Байқаудың іріктеу кезеңінен өткен 30 жас вокалист өз шеберліктерін ортаға салып, бақ сынап жатыр. Сондай-ақ қатысушылар үшін халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Шара барысында қатысушылар Симфониялық оркестрмен бірлесіп өнер көрсетеді. Оркестрге Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин жетекшілік етеді. Байқау 4 қазанда лауреаттар мен қазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.
