Елордалық ұстаз табиғи жүннен көлемі 7×4 метр болатын Қазақстанның алып картасын жасап, әлемдік рекордқа ұсынуда. Астанадағы С.Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-модератор, Ұлттық дизайн академиясының академигі Ләззат Әбділдақызы осылайша Атыбай ұлттық қолөнерді заманауи форматта дәріптеуге бағытталған ауқымды шығармашылық жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Педагог алып картаны «Өнермен өрілген Қазақстан» атты жеке авторлық жоба аясында жасап, туындыны Ұстаздар күніне орай аяқтады. Ауқымды картада еліміздің тұтастығы, ұлттық мәдениеті, тарихы мен дәстүрлі өнері көркемдік тәсілдер арқылы бейнеленген. Автордың айтуынша, жоба дәстүрлі жүн өңдеу өнерін заманауи көркемдік шешімдермен ұштастырып, ұлттық қолөнердің мүмкіндігін жаңа қырынан көрсетуге бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық қолөнерді сақтау, оны жас ұрпаққа насихаттау және қазақ халқының дәстүрлі өнерін заманауи шығармашылық тәсілдер арқылы кеңінен таныту. Аталған жоба GBR GLOBAL BEST OF RECORDS ұйымына әлемдік рекорд ретінде ұсынылды. Ұйым тарапынан рекордтық өтінімнің ресми қабылданғанын растайтын хат алынған.

-Ата-бабадан келе жатқан киіз басу өнерін насихаттау мақсатында мектепте өз сабағымда балалаларға әр түрлі бұйымдар жасауды үйретемін. Соның барысында неге осындай көлемді дүние жасамасқа деген ой туып, оқушылармен бірге Қазақстан картасын қазіргі заманға лайықты инемен піспектеу арқылы 5 айда жасадық. Жүн пайдалану арқылы қолөнер туындысын жасау - ата-бабамыздан қалған дүние, басқа елдер оны патенттеп алмау үшін оны осылай халықаралық деңгейде танытпақ оймен әлемдік рекордтқа өзім хат жаздым. Олар шешімін берді, енді 29 қазанда сол рекордымызды жасаймыз. Соған қоса республика бойынша мұғалімдерді қатыстыра отырып 500 метрлік қазақтың ұлттық құндылығына арналған картиналар әзірлеп жатырмыз. Оны да сол күні көрсетеміз. Ұлттық өнеріміздің ішіндегі киіз басу техникасы біздің көшпенді ата-бабамыздан қалған төл мұра екенін әлемге танытып, рекордқа енгізіп қойсақ, оны бақса ешкім патенттеп алмайды, - дейді автор.

Алайда ол бұл дүниені жасау барысында елде сапалы жүн табу қиынға соққанын жеткізді.
-Дайын өңделген жүнді тек Тараздан ғана таптық, Соның өзінде сапасы шетелдегідей емес. Сондықтан бұл бастама арқылы біз елдегі жүн өңдеу кәсібін де жандандыруға ықпал еткіміз келеді. Картаның ортасындағы қанық бояулы өрнектерін келтіру үшін Түркия мен Ресейден де жүн алдық, олардың сапасы өте керемет, яғни сулы етіп жасаған кезде бояуы айналасына жұқпайды. Кәсіпкер адамдарға құлаққағыс ретінде айтарымыз, Қазақстан – нағыз жүннің отаны, меринос қой бізде өседі, соны дұрыс пайдаланып, болашақта жүн иіріп, жіп шығаратын фабрикалар ашса деген ойымызды білдіреміз. Бізге бабалардан керемет өнер жетіп отыр, соның біздікі екенін әлемге көрсетуіміз қажет, -дейді ұстаз.
Киіз картаны жасауға 10-15 кг жіп кеткен, астындағы матасымен қосқанда 25-30 келі болған. Автор әлемдік рекордтқа енгеннен кейін бұл киіз картаны Ұлттық музейге өткізуді көздеп отыр. Киіз басу өнерін одан әрі насихаттау үшін киізден жасалған басқа да бұйымдарды апара отырып Түркияда өтетін көрмеге қатысу да жоспарында бар.
Райхан Рахметова