Елордада «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешеваның 75 жас мерейтойына арналған «TEATP ALL» IV халықаралық театр фестивалі ашылды.

Ашылу салтанаты Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында фестивальдің құрметті қонақтарының, қазылар алқасының және қатысушы өнер ұжымдарының қызыл кілеммен өту рәсімімен басталды. Одан соң қарашаңырақ М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры музейінің қорынан алынған «Сұлулық пен сырлы өнердің символы» атты көрме, Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) ұсынылды.

- Осы фестиваль маған арналған сияқты. Бірақ бұл – өнер мерекесі. Менің бойымдағы өнерді ұстаздарым, «Қыз Жібек» фильмін түсірген атақты режиссеріміз Сұлтан-Ахмет Қожықов және КСРО халық әртісі Қадиша Бөкеева ашты. Бұл жерде ата-анамды да айту керек. Олар маған жақсы тәрбие берді. Олардың сол тәрбиесі мені осы дәрежеге жеткізді. Менің сүйікті театрым, биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан Әуезов театрын да атап өтуім қажет. Қалай болғанда да, мен сол театрда 50 жылдан астам жұмыс істедім. Қазір Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жастар актер болу үшін ғана емес, алдымен адам болу үшін тәрбие беріп жатырмыз.

Қадиша апайымыз ылғи осыны ерекше айтушы еді. Ол «Егер бойында адамгершілік, жүрек таза болса рөлдер де жақсы шығады» дейтін. Әуезов театрында ойнаған ең алғашқы рөлім «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі. Сол өнер ошағында Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Бикен Римова секілді сахна саңлақтарымен бір сахнада тоғыстым. Сол үшін бақыттымын. Бұл кісілер өнерде үлкен із қалдырды. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды», -деді Меруерт Өтекешова.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап министр Арман Қырықбаевтың ізгі лебізін жеткізді. Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Роза Мұқанова ақ жол тіледі.

«TEATP ALL» IV халықаралық театр фестивалі бір аптаға, яғни 7 қазанға дейін жалғасады. Оған Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан театрлары мен елорданың жетекші театр ұжымдары, Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау, Ұлытау облыстарының театрлары қатысып жатыр. Ұсынылатын қойылымдардың арасында қазақ және шетел классикасы, қазіргі заманның сан алуан тақырыптағы шығармалар бар. Оларды елорда сахналарынан тамашалауға болады.

