Тақиямыз неге тар болып жүр?

Тақиямыз неге тар болып жүр?

Осыдан біраз жыл бұрын екі жарым ғасыр ширегінде Құран кітабының ішіне салып сақталған тақияны көріп таң қалдық. Сараптай келе, қымбат жәдігердің Қоқан хандығының тұсында тігілгені анықталды. Бұл жай ғана бас киім емес, сол кезеңнің қолөнерінен, әдіптеп өрнек­теген жүн мен жібектен жасалған жіптің қолданылу әдісінен және әдемі оюынан біздерді хабардар етіп тұрды. Оны киген адам туралы әңгіме және басқа.

Жалпы мәдени мұраны сақтау тек өткенді сақ­тау туралы емес, астарында үлкен мәдениет, ұлттық сана, бірегейлік жатыр. Яғни өткенімізге құрметпен қарап, оны бүгінгі ортада жаңғыртып, болашаққа көпір болуды да міндеттейді. Бұл мәселе қазіргі ұлттық киімдерге де қатысты.

Бірақ бұл заман тақиядан қадір кеткен заман болды. Әкелеріміздің тер сіңген тақия­ларын көрдік. Олардың ескі фотоларынан қарап тақия­ны егде тартқанда кигенін байқаймыз. Жасында заман үрдісіне сай олар да сәнге еліктеп, фетр қалпақ, кепка киген екен. Ал олардан кейінгі ұрпақ «бейсболка» киіп жүр. Күнқағары бар жасы да, кішісі де басынан тастамайтын осы киім – әлемдегі ең танымал және әмбебап бас киімдердің бірі. Оны 1954 жылы New Era компаниясы америкалық бейсбол ойыншыларына арнап тіккен екен. Сексенінші жылдары атағы әлемге жайылып, тоқсаныншы жылдардан бері қазақтың тойға да, қойға да киетін таз кепешіне айналды.

 Бабаларымыздан қалған бөріктер, жұқа ақ киізден жасалған қалпақтар мен тақия­лар жоғалып кеткен жоқ. Әлі де әсіресе ауылдық жерлерде ақсақалдарымыздың көркі. Бірақ бұқара болып, ұлттық киімнің қадірін жете түсініп жатқан жоқпыз. Көбіне сахналарда әнші-күйшілер киіп, өнер көрсеткенде көзайым болып қаламыз. Соңғы жылдары Наурызда сандықтың түбінде жатқан шапандарды шығаратын болып жүрміз. Екі-үш күн болса да иығымызда жүреді, әйтеуір. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп тағы бір жылға жылы жауып қоямыз. Оның себебі де бар. Ұлттық киімдердің бүгінгі ортаға қолайсыз екені айтылып жүр. Әлеміштелген оюына қоса соңғы кезде түрлі суретті матадан тігілетін болған. Күнделікті киюге шыдас беретін, желден ық, суықтан қорғайтын, ыстық өткізбейтін табиғи мақтадан не жүннен тоқылған матадан тіккен киімдер емес. Және бағасы да қолжетімді емес. Осының бәрі айналып келгенде, халықтың ұлттық киімге деген ықыласын құртты.

Ұлттық киім киюдің «мен қазақпын» деген де астарлы мағынасы бар. Мына жаһанданудың тамағына жұтылмай, таңдайында кептеліп тұру үшін, көптеген ұлыстар мен ұлттардың ортасында маңдайы жарқырап, тым құрығанда өз тақиямызды киіп жүруге мүмкіндік аз болып тұр. Себебі тақияның тапшылығында емес, қалай болса солай тігіліп, заманға сай икемделіп, күнделікті киюге бейімделмегендігінен.

Қызық үшін өзбектердің тақиясының тарихын зерттедім. Жалпы Орта Азия халықтары тақиясымен ерекшеленеді. Сырт қарағанда бәрі бірдей көрінетін бас киімдердің өрнегі мен тігісіне қарай адамның қай өңірден шыққанын анықтауға болады екен. Ферғаналықтардың бұрыштай түскен оюы, бұқаралықтардың барқыттан сәнді тігілген мың сан өрнектері, самарқанның мешіт-медреселерінің өрнегі, хорезм, ташкен, қашқадариялықтардың да өзгеше мәнері болады екен. Демек, таныс-біліске де ұлттық бірегейлікке де тақияның қызметі өтіп тұр.

Жергілікті өзгешеліктер біздерде де бар, адай қалпақ, сәлде орауға, бөріктің ішінен киюге қолайлы етегі аласа Қаратау өңіріне тән. Орталықта сыртқы түріне қарай шошақ төбелі, тікше етіп тігіледі. Шығысқа қарай жалпақ төбелі, етегі биік, тостаған сияқты түрлері де бар. Бұл дегеніміз не? Тақия болса болды деп алабажақ ою түскен тақияларды сатып алмас бұрын, қай өңірге тән екенін де аңғарып киген мақұл дер едік. Алайда тақия тігушілер оны елеп-ескеріп жатқаны шамалы. Тақияның насихатында бұл да қажетті нәрсе еді. Осы тақиялардың қолайсыз тұсы деп айтуға болады. Оның жан қалтаға екі бүктеп сала салатын бүктемелі болмауы да киімнің кең таралуына әсерін тигізіп жатыр. Рас, бұрындары тақияның қалтасына салып алып жүру болған жоқ. Бірақ қазіргі заманда жайшылықта қалаған киімін киіп, ас, намаз тағы басқа ортада бүктеулі тақиясын қалтасынан алып баса киіп алса несі жаман. Өзбек, ұйғыр ағайындардың тақиясының бүктеп қалтаға тыға салатын тиімді тұсын тәжірибеге алуға болады ғой. Тақия тігетін матаның басты терлетпейтіндей астарлы етіп, табиғи матадан тігу қажет және астары мен тысының арасына қағаз салып қоқитып қойып, ол бір жуғаннан кейін қалпын жоғалатын тақиялар сатушыға да сатып алушыға да абырой бермейді.

Жарайды, елдің бәрін тақия кигізу міндет емес делік. Бірақ ас, жаназа, өлікте, ұлттық мерекелерде бас киімсіз жүрмеуге болады ғой. Тым болмаса сондай жерде қазақ екендігін, білдіріп қаралы жағдай болса да халықпен бірге екенін көрсетіп неге тақия кимеске. Яғни, жиынға келгендердің бәрі бір қазақпыз, бәріміз біргеміз деген белгісі ретінде қабылдаймыз.

Тағы да өз ағалығымыздың тәжірибесінен айталық. Осыдан біршама жыл бұрын, мәдениет салсының мемлекеттік қызметшісі жұмысқа өзбек тақиясын киіп келуге үндеді. Соған қарағанда ол жақта да тақияның тағдыры екіұшты болып «бейсболка» басып бара жатыр-ау.