Тәңіріне тәубе айтқан Темербеков

Тәңіріне тәубе айтқан Темербеков
фото: Асантемір Қаршығаұлы

Астанада еңбек адамдары тұрады. Елорда шын мәнінде еңбекқорлардың қаласы. Еңбек адамды шыңдайды. Ал маңдай термен атқарылған адал еңбек елдің игілігіне айналады. Біз астаналықтардың алғысына бөленіп жүрген Қанат Аманжолұлы Темербеков мырзаны айта аламыз. Ол нағыз еңбектің адамы. Бүгінгі таңда «Астана су арнасы» мекемесінің бас механик қызметінің экскаватор жүргізушісі болып қызмет атқарады. Ол өзі жасаған еңбектің зейнетін көрген. Ол ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" және жақында "Құрмет" орденімен марапатталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

- Менің өмірімнің 26 жылы туған жердің төсінде, ауыр техниканың тізгінінде өтіп келеді. Экскаватор жүргізушісі болу – сырт көзге оңай көрінгенімен, жауапкершілігі мол жұмыс. Таңның атысы, күннің батысы жер қазып, құрылысқа, жолға, ел қажетіне жарайтын жұмыстарды атқарамыз. Кейде аптап ыстықта, кейде қақаған аязда техниканың кабинасында отырып еңбек етеміз. Бірақ өзіңнің маңдай теріңмен жасаған жұмысыңның нәтижесін көргенде, шаршағаның ұмытылады. Жер қазу – жай ғана топырақты аршу емес. Оның артында елдің тіршілігі, жаңа нысандардың бой көтеруі, жолдардың салынуы, инженерлік желілердің тартылуы сияқты үлкен жұмыстар тұр. Сондықтан әр атқарылған жұмыстың өз жауапкершілігі бар, -дейді кейіпкеріміз. 

Шынтуайтында Қанат Аманжолұлы табан аудармастан бір мекемеде 26 жыл бойы еңбек етіп келеді. 

- Осы жылдар ішінде талай техниканың тізгінін ұстап, талай жас маманмен бірге еңбек еттім. Өзім көргенді кейінгі жастарға үйретуді азаматтық міндетім деп білемін. Жастарға ең алдымен еңбекке адал болуды, техниканы ұқыпты басқаруды, үлкеннің сөзін тыңдап, кішіге үлгі болуды айтып келемін. Мен үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерімнің өз алдына маман болып, елге қызмет етіп жүргенін көру. Бүгін үйреткенің ертең біреуге пайдасын тигізсе, одан артық қуаныш жоқ. Қазір заман өзгерді, техника да жаңарды. Бірақ еңбектің қадірі өзгерген жоқ. Қандай жұмыс болса да, оны жауапкершілікпен атқарсаң, елге тигізген пайдаң болады. Мен өзімді үлкен қызмет иесі деп санамаймын. Мен – экскаватордың тізгінін ұстап, жер қазып, елге қажет істің бір шетін көтеріп жүрген қарапайым еңбек адамымын. Құдайға шүкір, осы тірлігімен ризамын, -дейді Қанат Темербеков.

Еңбектің ең үлкен бағасы – елдің алғысы. Қанат Аманжолұлына  қуат берсін деген ниеттеміз.