Су қауіпсіздігі бойынша рейд өтті

Су қауіпсіздігі бойынша рейд өтті

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Есіл өзенінің жағалауында тұрғындар мен қала қонақтарының судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды профилактикалық рейд ұйымдастырды. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, қаланың алты ауданының өкілдері, полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары және еріктілер қатысты. Рейд барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы ақпараттық жадынамалар таратылды. Сондай-ақ азаматтарға рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың қауіптілігі ескертілді.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Әрлен Бүркітбайдың айтуынша, соңғы күндері ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты өзен-көлдердің жағалауында демалушылар саны артқан.

– Күннің ыстығына байланысты тұрғындар мен қала қонақтары қауіпсіздік талаптарын сақтамай, рұқсат етілмеген жерлерде суға түсіп жатыр. Сондықтан әкімдік, полиция және еріктілермен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды күшейтіп келеміз. Біздің басты мақсатымыз – айыппұл салу емес, адамдардың өмірін сақтау және қайғылы оқиғалардың алдын алу, – деді ол. Сондай-ақ ол заң талаптарын бұзған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша айыппұл қарастырылғанын еске салды.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Ғазиз Ерболдың мәліметінше, тыйым салынған жерде суға түскендерге, құтқару кеудешесінсіз жүзу құралдарын пайдаланғандарға, мас күйінде суға түскендерге, қараңғы уақытта суға шыққандарға және балаларын қараусыз қалдырған ата-аналарға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.

– Күн сайын таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін 40-тан астам қызметкер белгіленген бағыттар бойынша патрульдік қызмет атқарады. Ыстық күндері бұл жұмысқа қосымша күштер – полиция, әкімдік қызметкерлері мен еріктілер тартылады. Ал демалыс күндері халық көп жиналатындықтан, осындай ауқымды рейдтер тұрақты өткізіледі, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, биылғы шомылу маусымы басталғалы елордада екі адам суға батып көз жұмған. Құтқарушылар тоғыз адамды, оның ішінде екі баланы ажалдан арашалап қалған.

Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына тек арнайы рұқсат етілген жағажайларда ғана суға түсуді, балаларды қараусыз қалдырмауды және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тағы бір мәрте ескертеді. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы болып табылады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ