Спорт инфрақұрылымына салынған инвестиция елордалықтар үшін нақты мүмкіндіктер қалыптастырады

Спорт инфрақұрылымына салынған инвестиция елордалықтар үшін нақты мүмкіндіктер қалыптастырады
фото: atameken.kz

Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы елордадағы бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға бағытталған заманауи нысан – Kodokan Spirit спорт кешеніне барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кешен 2024 жылы пайдалануға берілген. Оның жалпы аумағы шамамен 1300 шаршы метрді құрайды. Жобалық қуаты бір мезгілде мыңға жуық баланың жаттығу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде спорт кешенінің базасында дзюдодан Астана қаласының ересектер және жастар құрамалары, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер секцияларының тәрбиеленушілері жаттығады. Оқу-жаттығу үдерісін халықаралық және олимпиадалық деңгейдегі жаттықтырушылар жүргізеді.

Нысан инфрақұрылымына үш мамандандырылған зал, топтық жаттығулар мен би сабақтарына арналған зал, тренажер залы, 180 көрерменге арналған трибуна, сондай-ақ түрлі деңгейдегі жаттығулар мен спорттық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи жабдықтар кіреді.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин спорттық инфрақұрылымға салынған инвестициялар елорда тұрғындары үшін нақты мүмкіндіктер қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай нысандар жастардың денсаулығын нығайтуға, адами капиталды дамытуға және еліміздің болашақ спорттық жетістіктеріне қажетті жағдай жасауға ықпал етеді.

Осындай жобаларды жүзеге асыру қаланың спорттық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға және жаңа буын спортшыларын даярлауға мүмкіндік береді.