Қытайда Silk Way Star халықаралық музыкалық байқауының екінші маусымының алғашқы шығарылымы эфирге шықты. Бағдарлама Қытайдың CCTV-3 (Variety Channel) және CCTV-15 (Music Channel) телеарналарында, сондай-ақ CCTV.com және CCTV Arts цифрлық платформаларында көрсетілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаға 12 елден — Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Вьетнам, Малайзия, Түркия, Сербия, Оңтүстік Африка Республикасы, Жаңа Зеландия, Бразилия және Грузиядан өнерпаздар қатысты.
Қазақстан атынан байқауға Рухия Байдүкенова қатысып, қазақтың халық әні «Бұлбұлды» орындады. Ол Silk Way Star байқауының екінші маусымындағы алғашқы турдың жеңімпазы атанды.
Халықаралық музыкалық жобаны Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені China Media Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Байқау әртүрлі елдердің өнерпаздары мен музыкалық дәстүрлерін бір сахнада тоғыстырады.