Егемендік символы

Егемендік символы
фото: egemen.kz

Биыл Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Осы тарихи меженің қарсаңында 25 қазан – Республика күнінің мәніне қайта үңіліп, оның ел тарихындағы орнын бүгінгі қоғамдық-саяси өзгерістермен сабақтастыра пайымдаудың маңызы зор. Өйткені Республика күні – күнтізбедегі мерекелік дата ғана емес, мемлекеттілігіміздің құқықтық негізі қаланып, елдің дербес даму жолы айқындала бастаған тарихи кезеңнің символы.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдауы сол уақыттың күрделі саяси жағдайында жасалған маңыз­ды қадам еді. Совет Одағының орталықтандырылған жүйесі әлсіреп, одақтас республикалар өз болашағын айқындауға ұмтылған тұста Қазақстан егемендіктің құқықтық негіздерін қалыптастыруға кірісті. Бұл шешім асығыстықтан емес, тарихи жағдайды бағамдаудан, саяси жауапкершілік пен құқықтық пайымнан туындады.

Декларацияны әзірлеу барысының өзі сол кезеңдегі қоғамдық ойдың серпілісін аңғартады. Академик Салық Зиманов жетекшілік еткен жұмыс тобының құрамына ғалымдар, заңгерлер, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері кірді. Құжаттың жобасы баспасөзде жарияланып, азаматтардың пікірлері мен ұсыныс­тары ескерілді. Жоғарғы Кеңестегі талқылаулар нәтижесінде оның мазмұны жетілдірілді. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған декларация республиканың аумағы мен табиғи ресурстарына қатысты егемендік қағидаттарын, өз заңдарының үстемдігін және дербес мемлекеттік басқарудың негіздерін анықтады.

Осы тұрғыдан алғанда, Республика күні – мемлекеттік шешімнің ғана емес, тарихи өзгерістер жағдайында ел болашағы үшін жауапкершілік алған азаматтардың еңбегін де бағалайтын күн. Декларация – Қазақстанның толық тәуелсіздікке жетуіне жол ашқан саяси-құқықтық белес. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң осы тарихи үдерісті түпкілікті бекітті.

Егемендік пен тәуелсіздік ұғымдары өзара тығыз байланысты болғанымен, тарихи мазмұны жағынан ерекшеленеді. Егемендік туралы декларация мемлекеттің дербес даму бағытын белгілесе, Тәуелсіздік туралы заң Қазақстанның халықаралық құқықтың толыққанды субъектісі ретіндегі мәртебесін белгіледі. Сондықтан Республика күні мен Тәуелсіздік күні бірін-бірі толықтыратын, бірақ тарихи мағынасы бөлек екі маңызды дата болып саналады.

Республика күнінің ұлттық мереке мәртебесін қайта иеленуі де осы тарихи сабақтастықтың жалғасы деуге болады. 2022 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерекенің мәртебесін қалпына келтіру туралы бастама көтерді. Сол жылдың 29 қыркүйегінде тиісті шешім қабылданды. Бұл қадам Қазақстанның мемлекеттілік тарихына жаңаша көзқараспен қарап, егемендіктің бастауын қоғамдық санада айқындай түсуге мүмкіндік берді.

2019 жылдан бергі уақыт еліміздің тарихында жаңа кезең ретінде сипатталады. Ол саяси жаңғыру және қоғамдық жауапкершілікпен тығыз үндесіп отыр.

Республика күнінің бүгінгі мазмұнын түсіну үшін 2019 жылдан бергі Қазақстанның даму жолына назар аударған жөн. Бұл кезеңді саяси инс­титуттарды жаңарту, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты қайта қарау және азаматтардың қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру міндеттерімен сипаттауға болады. Реформалардың түпкі мақсаты тек басқару тетіктерін өзгерту емес, мемлекеттік шешімдердің сапасын, қоғамдық сенімді және азаматтардың ел болашағына қатыстылығын нығайту болуы тиіс.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы диалогты дамытуға бағытталды. Оның мәні азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдаумен шектелмейді. Маңыз­дысы – қоғамдық пікірді ескеру, шешімдердің негізділігін арттыру және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту. Осы бағыттағы өзгерістер мемлекетті басқару мәдениетіне қойылатын талаптарды да жаңартты.

2022 жылғы конституциялық реформа саяси жаңғырудың маңызды кезеңіне айналды. Конституциялық өзгерістер билік тармақтарының өзара іс-қимылын қайта қарауға, өкілді органдардың рөлін күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге арналды. 2023 жылы Конституциялық Соттың жұмысын бастауы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейтетін институционалдық қадам болды. Сонымен қатар ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесінің дамуы жергілікті басқаруға азаматтардың қатысуын арттыруға жол ашты.

Бұл өзгерістердің тарихи маңызы оларды жеке-жеке бағалаумен ғана шектелмейді. Оларды егемендік туралы декларацияда көрініс тап­қан мемлекеттің дербестігі, заң үстемдігі және азаматтық қоғамның орны туралы қағидаттардың қазіргі жағдайда дамуы ретінде қарастыруға болады. Әрине, институционалдық реформалардың нәтижесі олардың қабылдануымен ғана өлшенбейді. Олардың өміршеңдігі құқық нормаларының күнделікті тәжірибеде орындалуына, азаматтардың құқықтарының қорғалуына және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне байланысты.

Осы ретте «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының қоғамдық маңызы айқындала түседі. Әділеттілік – құқықтық нормаларда жазылған қағида ғана емес, адамның күнделікті өмірінде сезінуі тиіс құндылық. Ол заң алдындағы теңдіктен, еңбекке құрметтен, мүмкіндіктердің әділ бөлінуінен, мемлекеттік қызметтің адалдығынан және азаматтың құқығы мен міндетін түсінуінен көрініс табады.

Соңғы жылдары қоғамдық дискурс­та «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Адал еңбек – Адал табыс» және «Таза Қазақстан» бастамаларының кеңінен көтерілуі де осы құндылықтық бағытпен байланысты. Олардың әрқайсысы қоғамдық өмірдің белгілі бір қырына назар аударғанымен, ортақ мазмұны – жауапкершілігі жоғары, еңбекті бағалайтын, заңды құрметтейтін және ортақ игілікке үлес қосатын азамат қалыптастыру. Мәселен, заң мен тәртіпті орнықтыру құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес. Ол азаматтардың құқықтық мәдениетіне, қоғамдық кеңістіктегі мінез-құлқына және өзара құрметіне де тәуелді. Сол сияқты қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді таза ұстау бір реттік науқаннан тұрақты азаматтық дағдыға айналғанда ғана нақты нәтиже береді. Демек, реформалардың табысы мемлекеттік саясат пен қоғамдық әрекеттің өзара үйлесуінен көрінеді.

Жаңа институт Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы да қоғамдық пікір алмасу алаңы ретіндегі қызметі де осы тұрғыдан маңызы артып отыр. Қоғамдық мәселелерді талқылау, азаматтардың ұсыныстарын ортаға салу және ортақ құндылықтарды айқындау ел ішіндегі диалог мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Мұндай алаңдардың нәтижелілігі көтерілген мәселелердің шешімін табуымен, айтылған ұсыныстардың нақты саясатпен ұштасуымен бағалануға тиіс. Өйткені қоғамдық диалогтың шынайы құндылығы – пікір білдіру мүмкіндігінде ғана емес, сол пікірдің естілуі мен ескерілуінде.

Қазақстанның егемендік жолы халықаралық аренадағы дербес ұстанымымен де сабақтасады. Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы 1991 жылғы шешім еліміздің әлі Совет Одағы құрамында болған кезеңінде-ақ стратегиялық маңызы бар мәселелерді өз бетінше шешуге ұмтылғанын көрсетті. Кейін Қазақстанның ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі осы бағыттың жалғасына айналды. Бұл тәжірибе егемендіктің құқықтық мәртебемен бірге ел мүддесіне сай шешім қабылдай білу қабілеті екенін аңғартады.

Бүгінгі жағдайда да Қазақстанның орнықты дамуы ішкі жаңғыру мен халықаралық жауапкершіліктің үйлесуіне байланысты. Экономиканы әртараптандыру, адами капиталды дамыту, ғылым мен білімнің әлеуетін арттыру, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мен қоғамдық сенімді нығайту – елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын бағыттар. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік институттармен қатар, кәсіби білімі мен азаматтық ұстанымы қалыптасқан қоғамның да үлесі шешуші мәнге ие.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – қол жеткен жетістіктерді бағалаумен бірге, алдағы міндеттерді де байып­пен саралайтын кезең. Өткен жолымыз мемлекеттіліктің бір күнде қалыптаспайтынын, оның құқықтық негіздері, саяси институттары, экономикалық мүмкіндіктері мен қоғамдық құндылықтары біртіндеп орнығатынын көрсетті. Сондықтан тарихқа құрмет көрсету оны тек еске алумен шектелмеуі керек. Тарихи тәжірибені бүгінгі шешімдердің сапасын арттыруға және болашаққа жауапкершілікпен қарауға бағыттай білу қажет.

Республика күні – осы сабақтас­тықты ұғындыратын ұлттық мереке. Ол егемендікке бастау болған тарихи шешімді, тәуелсіз мемлекетті қалыптастырған азаматтардың еңбегін және қазіргі қоғамның жаңару жолындағы жауапкершілігін бір арнаға тоғыстырады. 1990 жылғы декларацияның идеялық өзегі – елдің дербестігі мен болашағын өзі айқындауға деген ұмтылыс. Ал бүгінгі міндет – осы ұмтылысты әділетті институттармен, сапалы біліммен, адал еңбекпен, заңға құрметпен және қоғамдық сеніммен толықтыру.

Мемлекеттің беріктігі оның заңнамалық негіздері мен басқару жүйесіне ғана емес, азаматтарының ортақ іске деген жауапкершілігіне де тәуелді. Егемендіктің тарихи мәні де осында, яғни ел тағдырына қатысты шешімдерді өзіміз қабылдау құқығымен бірге, олардың нәтижесіне жауап беру міндеті де бар.

Республика күні – өткенге тағзым етіп, болашаққа ортақ міндеттерді айқындайтын күн. Оның басты тағылымы – егемендікті сақтау, мемлекеттілікті нығайту және қоғамның әлеуетін ортақ игілікке жұмылдыру. Осы құндылықтар орныққан жағдайда тарихи жады мен қазіргі реформалар арасындағы сабақтастық елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз бола алады деп сенемін.

Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,

Мемлекет тарихы институтының директоры,

PhD, қауымдастырылған профессор