Әлеуметтік желілерде оқушының айналасындағылардың ескертуіне қарамастан мектеп ішінде самокатпен жүрген видеоролигі тарады. Жарияланымдарда бұл ролик Қазақстанмен байланыстырылып, мектеп оқушыларының тәрбие деңгейі төмендеп, «адамгершілік құндылықтар құлдырап бара жатқаны» туралы пікірлер айтылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұдан бөлек, бұл қате нұсқаны жекелеген БАҚ өкілдері де таратып, роликтің нақты қай жерде түсірілгеніне қатысты өз аудиториясын жаңылыстырған.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бастапқы материалды талдады. Түркі тілдерінің ұқсастығына байланысты роликтегі сөздерді қазақ тілінде айтылған деп қабылдауға болады.
Орталықтың тексеруі нәтижесінде видеоның көрші елде түсірілгені анықталды. Кадрда мұны көрсететін бірқатар аудиовизуалды белгілер байқалады. Сонымен қатар, түпнұсқа видеоны жариялаған аккаунттың Қазақстанға қатысы жоқ екені анықталды.
Осылайша, таралып жатқан роликтің Қазақстан мектептеріне еш қатысы жоқ.
❗️ Бұл жағдай бастапқы дереккөзді қарапайым тексерудің өзі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бөгде елде түсірілген видеоға Қазақстанға қатысты сипаттама беріліп, кейін ол қоғамдағы жағдай туралы эмоциялық пікірлер айтуға себеп болған.
БАҚ үшін мұндай қателік айрықша маңызды. Тексерілмеген контентті қайта жариялау болжамды ақпаратты нақты анықталған дерек ретінде көрсетуге әкеліп, өз аудиториясын жаңылыстыруы мүмкін.