Серіктестіктің жаңа көкжиегі

Серіктестіктің жаңа көкжиегі
фото: Aqorda

5-6 қазан күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид мемлекеттік сапармен келді. Жоғары деңгейде өткен келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары қазақ-оман бизнес форумына қатысты. Келіссөздердің ең үлкен нәтижесі – Қазақстан мен Оман бірлескен инвестициялық қор құру туралы уағдаласты. Тараптар Blue City Rixos бірлескен жобасы шеңберінде негізгі шарттар туралы келісімге, геологиялық барлау саласы бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Шағын құрамда келіссөз жүргізді

Тәуелсіздік сарайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Президент оркестрі Қазақстан мен Оманның әнұрандарын шырқады. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Президент мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Оман Сұлтанының Қазақстанға жасаған бірінші сапарының  маңызды оқиға екенін атап өтті. «Аса мәртебелі Сұлтан, елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйт­кені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұған дейін атап өткендей, өзара ықпалдастықтың әлеуеті мол. Мұны толығымен іске асыру қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдеріміз сенімді серіктеске айналуы үшін барынша күш салатынын айтты. «Қазақстандықтар еліңізге ерекше құрметпен қарайды. Оманға саяхаттап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оманның басқа да қалаларын көрмеген отандастарымыз бар. Елдеріміз арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз. Сіздің сапарыңыз аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанынан хабардармын. Бұл да қос тараптың өзара қарым-қатынасты ілгерілетуге мүдделі әрі дайын екенін көрсетеді. Мұны ортақ жетістігіміз деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оман Сұлтаны қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. «Кейінгі отыз жылдан аса уақыт ішінде қарым-қатынасымыз айтарлықтай ілгерілеп, нығая түсті. Бүгінгі кездесуіміз қол жеткізілген нәтижелерді бекемдеп, екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді. Сапар аясында өзара түсіністік жөніндегі бірқатар келісім мен меморандумға қол қоямыз. Сіздің қолдауыңызбен экономика, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда берік байланыс орнатамыз деп сенемін. Біз екі ел арасындағы барыс-келістің артуына мүдделіміз. Президент мырза, жылы қарсы алғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Өзіңізбен жақын арада Маскат қаласында жүздесеміз деп ойлаймын» деді Хайсам бен Тариқ Әл Саид.

Достықтың берік іргетасы

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Оман Сұлтанына ілтипат танытып, оның Сұлтан ретінде Орталық Азияға алғаш рет сапармен келгенін атап өтті. «Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас­тың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды. Жақында Оман Премьер-минис­трінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның Астанаға жасаған жемісті сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін айқын көрсетеді» деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы қол жеткізген уағдалас­тықтар бауырлас халықтарға айтарлықтай пайда әкеліп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді. «Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз. Бұдан бөлек, серіктестігіміздің басым бағыттарын белгілейтін Бірлес­кен мәлімдеме қабылдаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Олардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид ыстық ықыласпен қарсы алғаны және табыс­ты келіссөз жүргізгені үшін ­Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-оман ынтымақтас­тығының жан-жақты дамып келе жатқанын атап өтті. «Оман Қазақстанмен ықпалдастыққа айрықша мән береді. Соңғы жылдары екі елдің әріптестігі тың серпін алды. Біз мұны құптаймыз. Жоғары деңгейдегі еларалық сапарлар, Бірлескен үкіметаралық комиссия жұмысы ынтымақтастығымызды әлдеқайда нығайта түсуге мүмкіндік береді» деді Оман Сұлтаны. Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың айтуынша, Оман Қазақстанмен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-логистика, қаржы қызметтері, туризм, технология және жасанды интеллект секілді көптеген секторда инвестициялық ықпалдастықты жолға қоюға айтарлықтай әлеует бар деп санайды. «Біз дербес инвестициялық институттарымыздың, жеке сектор мен арнайы мемлекеттік құрылымдардың мүмкіндіктерін ұштастыратын жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз. Елеулі маңызға ие саланың бірі – көлік байланысы. Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің бас­ты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді. Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниет­тіміз» деді Оман Сұлтаны.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаевты өзіне қолайлы кез келген уақытта Оманға сапармен келуге шақырды. Келіссөздер қорытындысы бойынша ­Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

«Алтын қыран» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл ­Саидты «Алтын қыран» орденімен марапаттады. Президент Оман Сұлтанының сапары тарихи сипатқа ие екенін тілге тиек етіп, оның екіжақты байланыстарға шын мәнінде серпін беретінін айтты. «Оман – Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі уақыт   тезінен өткен сенімді серіктесі. Ынтымақтастығымыз отыз жылдан бері өзара сенім, түсіністік пен қолдау рухында өрбіп келеді. Бүгін Сізбен Астана төрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды елеулі тарихи деңгейге көтергелі жатырмыз. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Сондықтан мұны елімізге көрсеткен ерекше сый-құрметіңіз, сондай-ақ қос тараптың сауда-саттық пен өзара мүддеге сай келетін барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдіретін нышан деп білемін. Дәстүрлі мұнай мен газ секторын немесе көлік, логистика, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарды, сонымен қатар сауда байланыстары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жолға қою мүмкіндіктері жөнінде өзара ақпарат алмасуды осындай маңызды салалардың қатарына жатқызуға болады. Оман сияқ­ты стратегиялық серіктесіміз болғанына қуанамыз. Біз де еліңіздің сенімді әріптесі болуға барынша күш саламыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ­Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің әрдайым ықыласты екенін атап өтті. «Аса Мәртебелі Сұлтан, Сіз айтулы мемлекет қайраткерісіз. Ел басқару ісіндегі көреген ұстанымыңыз бен ұзақ жылдардан бері халқыңызға жасап келе жатқан қалтқысыз қызметіңіз зор құрметке лайық. Қазақстан халқы Сізді ерекше қадірлейді, сонымен қатар Оманды серіктес қана емес, достас әрі бауырлас ел деп атай алатынын мақтан тұтады. Сіздер стратегиялық мақсат қою арқылы мемлекетті гүлдендіріп, дамудың даңғыл жолына түсіруге болатынын дәлелдедіңіздер. Оны адам капиталына инвестиция құю, инновацияларды игеру және келешекке бағдарланған экономика құру қадамдарынан байқауға болады. Oman Vision 2040 бағдарламасы ұлттық болмыс-бітімді, елдің құндылықтары мен дәстүрлерін сақтай отырып, әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және орнықты экономика қалыптастыру жолындағы стратегиялық бағдарыңыздың дұрыс екенін көрсетеді. Көшелі көшбасшы, бейбітшілік сақшысы әрі парасатты тұлға ретінде Сіз дүние жүзіндегі көптеген жанды, танымал саясаткерлерді тәнті етіп келесіз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Президент Оманның аймақтағы тұрақтылықты нығайту, дінаралық диалогты өрбіту және гуманитарлық бас­тамаларды іске асыру ісіндегі рөліне тоқталды. «Түрлі тараптар арасына дәнекер болып, өзара түсінісуіне талай мәрте ықпал еттіңіз. Осы алғырлығыңыз Оманды өңірлік және халық­аралық қатынастарда салмағы бар елге айналдырды. Біз бұл ұстанымды жоғары бағалаймыз. Еліңіз шын мәнінде әділ әрі ешкімге бұра тартпайтын бейтарап мәмілегер саналады. Сіздің тарихи сапарыңыз Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қатынастар жылнамасында маңызды кезең ретінде жазылады. Аса мәртебелі Сұлтан, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіңізді ескеріп, Сізге «Алтын Қыран» орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе» деді Мемлекет басшысы.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.

Ел басшылары АХҚО-ны аралады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге сапармен келген ­Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров мәртебелі меймандарға орталық жұмысының нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық қатынастарды одан әрі жандандыру үшін Орталық қандай мүмкіндіктер ұсына алатынына тоқталды. АХҚО ашылғаннан бері Қазақстанға 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Орталықта 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген. Екі ел басшыларына ағылшын құқығына негізделген қаржы орталығы юрисдикциясындағы ерекшеліктер, АХҚО-ның қаржы қызметін реттеу комитеттерінің, АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығының қызметі туралы мәлімет берілді. Бұдан бөлек, Орталықтың исламдық қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктері, сондай-ақ тәулік бойы консультациялық қолдау көрсететін AIDA (AIFC Intelligent Digital Assistant) интеллектуалдық ассистенті жайында баяндалды.

Президент қазақ-оман бизнес форумында сөз сөйледі

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскерлік топ өкілдері қатысты. Қасым-­Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде өзара сенім мен түсіністік сипатында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің ашық, объективті әрі шын мәнінде мазмұнды болғанын айтты. Мемлекет басшысы ­Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс­тарды ілгерілету үшін тиісті келісімшарт-құқық базасы мен институттық негіздерді күшейту қажет екенін алға тартты. Президент бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар анағұрлым түсінікті, ашық әрі сенімді шарттармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға айрықша мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында қазіргі уақытта саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске ұластыру және экономикалық байланыстарды қазақ-оман серіктестігінің тірегіне айналдыру басты міндет екенін айтты.