Тоғызқұмалақтан Астананың жасөспірімдер құрамасының мүшесі Қасым Ернатұлы жақында елордамызда өткен Балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының ХХV жекелей чемпионатында 2 дүркін жеңімпаз және күміс жүлдегер атанды. Бұл чемпионатта Қасым барлық қатысушылар арасынан тоғызқұмалақтың 3 түрінен жеңіс тұғырына көтерілген жалғыз спортшы болды.
Қасым 9 жасқа дейінгі балалар арасында Астана тарихындағы алғашқы алтынды жеңіп алды. Әрі бір емес, екі алтын медаль. Тағы бір ерекше жайт, қарсыластарының 10-ы спорт шеберіне үміткер және Қасымнан бір жасқа үлкен еді. Бұл Астана қаласы Тоғызқұмалақ федерациясы және Астана қаласы әкімдігі №3 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шынайы қолдауының, сонымен қатар Астана қаласының тоғызқұмалақтан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Гүлнар Базаралиева және Биғали Зікірияев, Ілияс Мұхаметжан сынды білікті бапкерлердің бағыт-бағдары мен ұстаздық ерен еңбегінің арқасында қол жеткен үлкен жетістік.
Қасым бестемшеден бастаған. Бестемше – тоғызқұмалақтың балдырғандарға лайықталған жеңіл нұсқасы. Онда 50 ғана құмалақ болады. Бестемшені 6 жасында №69 «Еркем-ай» балабақшасында Гүлжайна Бигелдіқызынан үйренді. Ал жалпы бестемшені балабақшаға директоры Марал Күлкенқызы енгізген. Кейін сол балабақшаға Мақсат Шотаев келді. Қасым балабақшаны бітірген соң Мақсат Есенбекұлының шәкірті, Әлем чемпионы Құндыз Есіркептен алғаш рет тоғызқұмалақ үйренді. Негізі Қасымның ұстаздары көп. Атап айтқанда, Нұржан Қонарбаев, Жеңіс Нұрпейісов, Ділназ Ерниязова, Гүлнар Базаралиева, Биғали Зікірияев, Ілияс Мұхаметжан. Сонымен қатар, арасында Әлішер Танкаев, Бибатыр Нұржан, Әзімхан Махмұтжан, Ақиқат Исатай, Болат Садықовтан да сабақ алды.

Қасым Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменовтың батасын алды. Ол жас талапкерге ағаш тоғызқұмалақты сыйға тартты. Тоғызқұмалақшы ғалым, бірнеше кітаптың авторы Мақсат Шотаев та жарыс сағатын тарту етіп, батасын берді.
Қасымның тоғызқұмалақ пен математикаға деген ерекше ынтасы мен қабілетін аңғарған сынып жетекшісі Шынар Бұсұрман 2 сыныпта Астана қаласының «Дарын-Зерде» ғылыми жобалар сайысына қатыстырды. Ұстазы екеуі тоғызқұмалақ пен математиканың өзара байланысын зерттеп, «Ұлттық ойынның математикалық қыры» атты тақырыпта еңбек жазып шықты. Ұстазының бағыт-бағдарының арқасында Қасым қазылар алдында ғылыми жобаны өте жоғары деңгейде қорғап, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы ғылыми жоба аясында Қасым сыныптастарына тоғызқұмалақты алғаш рет таныстырып, сауалнама жүргізіп, магнитті тақтаны пайдаланып, есептер шығартып, қатарластарының қызығушылығын оята білді. Қазір мектепте білікті бапкер Әлішер Танкаевтың жетекшілігімен «Тоғызқұмалақ» үйірмесі өтеді. Жаз кезінде де үзілмей, жалғасып жатыр. 40-қа жуық бала қатысады. Арасында Астана қаласының және республика чемпионаттарында бақ сынаған дарынды жеткіншектер бар.
Қасым жуырда «Balapan» телеарнасындағы «Balapan Live» бағдарламасында қонақта болып, тікелей эфирде арманын жеткізді. Ол биыл тоғызыншы айдың тоғызындағы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ күнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен ұлттық зияткерлік ойынды бірге ойнағысы келетінін айтты.