Сарыарқа ауданында жастардың қауіпсіздігі талқыланды

Сарыарқа ауданында жастардың қауіпсіздігі талқыланды
фото: видеоскрин

Астана қаласының Сарыарқа ауданында «Заң мен тәртіп» нарративі аясында студенттермен профилактикалық кездесу өтті. Оған 500-ге жуық жас қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу барысында қатысушыларға құқық бұзушылықтар үшін заңда көзделген жауапкершілік және әр адамның өз іс-әрекетіне жауап беруінің маңыздылығы түсіндірілді. Кездесуде аудан прокуратурасының, полицияның, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және «Qamqor Astana» қоғамдық қорының өкілдері сөз сөйледі. Олар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың, интернет-алаяқтықтың, заңсыз қаржылық схемалардың және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін қозғады.

Сондай-ақ білім беру ортасындағы қауіпсіздік пен жастардың деструктивті діни ағымдарға тартылуына жол бермеуге ерекше назар аударылды. Студенттерге сыни ойлаудың, заң талаптарын сақтаудың және интернетте сақ болудың маңыздылығы ескертілді. Өз құқықтары мен міндеттерін білу қауіпті жағдайларды дер кезінде тануға, күмәнді ұсыныстардан сақтануға және саналы шешім қабылдауға көмектеседі.