Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті елорда тұрғындарына суши мен ролл жеудің қаупі туралы еске салып, мұндай өнімдерді тек ресми қоғамдық тамақтану және сауда орындарынан сатып алуға шақырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары, санитариялық дәрігер Мұхамғали Арыспаев атап өткендей, суши мен ролл эпидемиологиялық қаупі жоғары өнімдер қатарына жатады. Бұл олардың құрамында көбіне толық термиялық өңдеуден өтпейтін шикі, әлсіз тұздалған немесе маринадталған балық, теңіз өнімдері және тез бұзылатын басқа да ингредиенттердің қолданылуымен байланысты.
Дайындау технологиясының, сақтау және өткізу шарттарының бұзылуы тағамнан улануға, жіті ішек инфекцияларына және паразиттік ауруларға әкелуі мүмкін. Негізгі қауіп факторларының қатарында шығу тегі белгісіз шикізатты пайдалану, температуралық режимді сақтамау, сондай-ақ өнімді әлеуметтік желілер мен қажетті рұқсаттары жоқ жеке тұлғалар арқылы бейресми арналарда сату бар.
Санитариялық дәрігерлер балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және иммунитеті әлсіреген азаматтарға ерекше сақ болуды ұсынады. Өйткені дәл осы санаттағы адамдар сапасыз тағам өнімдерін тұтынудың салдарына барынша осал келеді.
Мамандар азаматтарды суши мен ролл сатып алатын орынға, сақтау жағдайына, өнімнің сыртқы түріне, иісіне, жарамдылық мерзіміне және өндіруші туралы ақпараттың болуына назар аударуға шақырады. Мұндай өнімдерді жеке тұлғалардан, әлеуметтік желілер арқылы немесе тағам өнімдерін қауіпсіз дайындау мен өткізуге жағдай жасалмаған орындардан сатып алу ұсынылмайды.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті еске салады: тағам өнімдерінің қауіпсіздігі барлық кезеңде — шикізатты таңдаудан бастап дайын өнімді әзірлеу, сақтау және өткізуге дейін санитариялық талаптардың сақталуына тікелей байланысты.