Республика күні қарсаңында Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне» қарасты №10 көпшілік кітапханасының ұйымдастыруымен «Саған кітап арнадым» акциясы аясында «Республика күнімен құттықтаймын!» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында және кітап сыйлау форматында ұйымдастырылған рухани басқосудың құрметті қонағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Тоқтарәлі Таңжарық болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру және кітап арқылы рухани құндылықтарды дәріптеу.
Тағылымы мол кездесуге ақынмен бірге тәуелсіздік құрдастары – №42 орта мектептің ұстаздары Нағима Оралбаева мен Гүлайм Қаирбекова, №60 «Арай» балабақшасының тәрбиешілері Арайлым Бекетаева мен Мадина Лұқпанова, сондай-ақ мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері қатысты.

«Саған кітап арнадым» акциясы – кітапты бағалау мен рухани мұраны ұлықтауға бағытталған игі бастама. Кітап сыйлау арқылы адам біреуге жай ғана басылым тарту етіп қоймайды, сонымен қатар білім мен парасаттың, ізгілік пен рухани байлықтың дәнін себеді. Әсіресе, жас ұрпаққа кітап сыйлау – олардың таным көкжиегін кеңейтіп, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Кездесу барысында ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың шығармашылығы, қазақ поэзиясының рухани құндылықтары мен әдебиеттің адам өміріндегі орны кеңінен сөз болды. Ақынның жырлары мен тағылымды әңгімелері қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, өлең өнерінің құдіретін, сөздің қадірін және әдебиеттің тәрбиелік маңызын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Кештің мазмұнын айшықтай түскен маңызды тақырыптардың бірі – тәуелсіздіктің қадірі мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі болды. Республика күні – елдігімізді айқындайтын, азаттықтың бағасын ұғындыратын, ұлттық бірлігімізді нығайтатын мерейлі мереке. Осы айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған кездесу кітап пен поэзия арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, туған жерге деген құрметті тереңдете түсті.

Тәуелсіздік құрдастарының бас қосуы да кездесуге ерекше мән үстеді. Азат елмен бірге есейіп, еліміздің білім беру мен тәрбие саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар мен тәрбиешілердің жас ұрпаққа берер өнегесі мол. Олардың күнделікті еңбегі – білімді, тәрбиелі, отансүйгіш әрі рухани бай ұрпақ қалыптастыруға қосылған маңызды үлес.
Кездесуге қатысқан мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері үшін бұл басқосудың тәрбиелік мәні айрықша болды. Балалардың ақынмен жүздесуі, кітап әлеміне жақындай түсуі, әдебиет пен руханиятқа деген алғашқы қызығушылығының қалыптасуы – болашақта кітап оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеудің негізі. Өйткені баланың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті ерте жастан сіңіру – отбасы, балабақша, мектеп және кітапхана арасындағы сабақтастықты нығайтудың маңызды тетігі.
Кітапхана мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысы осындай игі бастамалардың аясын кеңейтіп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Ал қаламгерлермен кездесулер оқырман мен автор арасындағы рухани байланысты нығайтып, әдебиетке деген қызығушылықты арттыра түседі.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында жүзеге асырылып жатқан «Саған кітап арнадым» акциясы – кітаптың қоғамдағы орнын айқындап, оқырмандық мәдениетті дамытуға бағытталған игі іс. Мұндай бастамалар арқылы кітаптың тек білім көзі ғана емес, ұлттың рухани қазынасын сақтаушы, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы құндылық екені тағы бір мәрте айқындалады.