Түркістан қаласы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «ROAD TO ASTANA 2027» спорттық-мәдени фестивалі өтті. Іс-шара 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында Астанада өтетін үстел теннисінен ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионатына арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Түркістан эстафетаны қабылдаған төртінші қала әрі оның оңтүстік бағыттағы негізгі орталығы болды. Республика күнімен тұспа-тұс келген фестиваль спортшыларды, жаттықтырушыларды, жас теннисшілер мен қала тұрғындарын біріктіріп, спорт пен мәдениеттің, елдік рух пен ұлттық бірліктің мерекесіне айналды. Әлем чемпионатының ресми туының сапары 2026 жылғы мамырда Лондоннан басталды. Қазақстан келесі әлем чемпионатын қабылдайтын мемлекет ретінде туды осы қалада салтанатты түрде қабылдады. Кейін ту Астанаға жеткізіліп, еліміздің өңірлерін аралауға аттанды. 4 қазанда эстафетаны Өскемен, 11 қазанда Көкшетау, 18 қазанда Ақтөбе қабылдады.

Түркістан осы сапардың қорытынды өңірлік кезеңіне айналды. Фестивальдің басты оқиғасы әлем чемпионатының ресми туын салтанатты түрде алып шығу рәсімі болды. Музыка сүйемелдеуімен спортшылар туды зал арқылы сахнаға алып шығып, жиналған қауымға таныстырды. Іс-шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысты. Фестивальдің құрметті қонақтарының бірі - Түркістан қаласының құрметті азаматы, спорт ардагері, білім беру саласы мен кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Оразбек Божбанбаев. Оның қатысуы ұрпақтар сабақтастығын, спорттық дәстүрлерге құрмет пен жастар тәрбиесінің маңызын айшықтады. Спорттық бағдарлама аясында үстел теннисінен көрсетілім ойындары, шеберлік сабақтары мен түрлі жарыстар ұйымдастырылды.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын Рахат Полатхановтың шеберлік сабағы тудырды. Ол ойын тәсілдерін көрсетіп, қатысушылармен тәжірибесімен бөлісті. Студенттер мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептері тәрбиеленушілері арасындағы командалық жарыстар, сондай-ақ дәлдік пен шапшаңдықты сынға салған сайыстар фестивальдің тартымды сәттерінің біріне айналды. Қонақтар үшін үстел теннисіне арналған ойын алаңдары, естелік суретке түсу орындары, интерактивті аймақтар, қолөнершілер мен жергілікті өндірушілердің көрмелері әзірленді. Келушілер үстел теннисінен өз шеберліктерін сынап, спорт мерекесіне белсенді қатысты. Мәдени бағдарламада «НаздыАру» және «Барыс» топтары, сондай-ақ Жамбыл мен Балнұр есімді әншілер өнер көрсетіп, оңтүстік өңірдің өнері мен ұлттық дәстүрлерін таныстырды. «ROAD TO ASTANA 2027» жобасының оңтүстік бағыттағы сапары Қазақстанның тарихи-мәдени және табиғи мұрасын дәріптеуге де арналды. Жоба бағытына Түркістан қаласы, Ұлы Жібек жолының маңызды орталықтарының бірі болған көне Отырар қалашығы, Ақмешіт үңгірі мен Шымкент қаласы енді.