Ұлт тарихы тек архивтерде сақталған құжаттар мен сарғайған қолжазбалардан ғана құралмайды. Кейде бір ғана жәдігердің өзі тұтас бір дәуірдің тынысын сездіріп, ұлы тұлғаның өмір жолынан сыр шертеді. Үнсіз тұрғанымен, мұндай құндылықтардың бойында уақыттың табы, тағдырдың ізі, тарихтың таңбасы сақталады. Солардың бірі – қазақ халқының көрнекті ақыны, жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинге тиесілі жол саквояжы.
Бұл қарапайым ғана кіші саквояж алғаш қарағанда өзгелерден ерекшеленбейтіндей көрінуі мүмкін. Алайда оның тарихи әрі рухани құндылығы өлшеусіз. Себебі бұл саквояж – Сәкеннің өмір жолымен бірге өрілген, оның сансыз сапарының, ел үшін атқарған қызметінің үнсіз куәгері.
Деректерге сүйенсек, Сәкен Сейфуллин бұл саквояжды 1930 жылдары Мәскеу қаласындағы «Синторг» дүкенінен арнайы сатып алған. Сол кезеңде ол әдебиет пен мәдениет саласында ғана емес, мемлекет ісінде де белсенді қызмет атқарып, ел ішін, Мәскеу мен өзге де орталық қалаларды жиі аралаған. Әрбір іссапарында осы саквояжды жанынан тастамаған. Сондықтан бұл жәдігер – оның тынымсыз еңбегі мен ел алдындағы жауапкершілігінің айғағы.
Ұлы тұлғалардың өмір жолын олардың шығармаларымен қатар, жеке пайдаланған заттары да айғақтайды. Өйткені әрбір жәдігердің бойында иесінің өмір салты, талғамы, мінезі мен тағдырынан сыр шертетін ерекше белгі сақталады. Мұражай төріндегі әрбір жәдігер – өткеннің үнсіз сөйлейтін шежіресі. Сәкеннің саквояжы да – сондай құнды мұралардың бірі.
Бұл саквояждың ішінде жолға қажетті жеке заттармен қатар, қолжазбалар, маңызды құжаттар мен шығармашылық жоспарлар да бірге жүргені анық. Бәлкім, қазақ әдебиетінің алтын қорына енген талай туындының алғашқы нобайлары да осы саквояждың қойнауында сақталған шығар. Сондықтан бұл – жай ғана жол сөмкесі емес, халқымыздың рухани тарихынан сыр шертетін тарихи жәдігер.
Саквояжды 2003 жылы Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам Сейфуллинаның немере сіңлісі Софья Батырбекова табыстаған. Гүлбаһрам Батырбекқызы Сәкен Сейфуллинге арналған мұражайдың болашақта ашылатынына кәміл сеніп, осы құнды жәдігерді мұражай қорына өткізуді аманат еткен екен. Бүгінде бұл аманат орындалып, саквояж мұражай қорында сақтаулы. Ол – Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылық және қоғамдық қызметінен сыр шертетін, өткен мен бүгінді жалғайтын, ұлт тарихының құнды куәсіне айналған баға жетпес құнды жәдігер.
Бүгінде бұл саквояж – жай ғана музей жәдігері емес. Ол – ұлттық жадымызды жаңғыртатын, өткенімізді құрметтеуге үндейтін, ұлы тұлғаның ғұмыр жолынан сыр шертетін асыл мұра. Оның көнерген былғарысы, уақыт табы сіңген тұтқасы, әрбір ізі бізді өткен ғасырдың белестеріне жетелеп, халқына адал қызмет еткен азаматтың асқақ бейнесін көз алдымызға әкеледі.
Азамат Серікұлы,
Сәкен Сейфуллин
музейінің әдіскері