Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары арқылы бір дәуірдің киім мәдениетіне көз жүгірте аламыз. Адамды кейде оның жазған шығармаларынан ғана емес, күнделікті қолданған заттарынан да тануға болады. Уақыт үнін сақтаған әрбір бұйым – белгілі бір дәуірдің тынысын жеткізетін үнсіз куәгер. Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейі қорындағы жеке заттары да оның өмірінің бізге беймәлім қырларына үңілуге мүмкіндік береді.
Сәкеннің киім үлгісіне назар аударсақ, оның жеке заттарының арасында 48 өлшемді, ұсақ жолақты, қара қоңыр шұғадан тігілген костюм сақталған. Костюм ағылшын үлгісінде тігілген.
Сұңқар ақынның жеке заттарының қатарында 1929 жылы Қырымның Алупка қаласында демалыста жүрген кезінде сатып алған аяқ киімі де бар. Аяқ киімнің нақты қай жерде және қашан тігілгені белгісіз. Дегенмен оның сақталуы Сәкеннің күнделікті тұрмысындағы қарапайым дүниелердің өзі уақыт өте келе тарихи мәнге ие болатынын көрсетеді.
Ал қолтаяқтың тарихы одан да қызық. Сәкен оны 1929 жылдың маусым айында Алупкадағы санаторийде болған кезінде сатып алған. Қолтаяқтың жоғарғы бөлігінде «Крым, Ялта» деген жазу бар. Ең қызығы, бұл қолтаяқты ақынның бірнеше фотосуретінен кездестіруге болады. Яғни музейдегі бұйым мен тарихи фотосурет арасындағы байланыс Сәкеннің күнделікті өмірін көз алдымызға жақындата түседі.
Сол кезеңдегі ер адамдардың киім мәдениетінен бүгінде көп кездесе бермейтін шұлық ұстағыш та назар аударарлық. Ол ұзын шұлықтың төмен сырғып кетпеуі үшін тізе тұсына тағылған. Себебі ол уақытта шұлықтың жоғары бөлігінде бүгінгідей серпімді резеңке болмаған. Қарапайым ғана бұйымның өзі сол дәуірдегі киім кию ерекшелігін аңғартады.
Сәкен Сейфуллиннің бұл заттарына қарап оның тек ақын, мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын ғана емес, күнделікті өмірдегі болмысын да тануға болады. Костюмнің пішіні, аяқ киім, қолтаяқ, шұлық ұстағыш – барлығы бір кезеңнің тұрмысынан сыр шертеді.
Зере ҚУАНЫШ,
Сәкен Сейфуллин музейінің экскурсия жетекшісі