Сайлауға дайындық пысықталды

Сайлауға дайындық пысықталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясының отырысында 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық және өткізу мәселелері қаралды.

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлау күнін белгілеп, осы кезеңге арналған негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Өз кезегінде Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы да жұмыс жоспарын бекітті.

Комиссия төрағасы Бейсембай Жұмабековтің айтуынша, сайлау нау­қанын ұйымдастыруға қажетті нормативтік құжаттар әзірленіп, негізгі рәсімдік мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданған. Енді комиссия сайлауды заң талаптарына сәйкес әрі ұйымдасқан түрде өткізуге кіріседі.

Отырыс барысында үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, сайлау науқанына дайындық және оны өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітіліп, елордадағы сайлау инфрақұрылымының жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ округтік сайлау комис­сияларының жұмыс кестесі бекітілді.

Бейсембай Жұмабековтің мәліме­тінше, аумақтық сайлау комиссиясы заңнамаға сәйкес саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша сайлау процесін ұйымдастыруға жауапты. Ал округтік сайлау комиссиялары бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттармен жұмыс жүргізеді.

Астанада мәслихат депутаттарына арналған барлығы 34 мандат қарастырылған. Оның 17-сі саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша, қалған 17-сі бірмандатты сайлау округтері арқылы бөлінеді. Бұл сайлауға
7 саяси партия қатысады.

Президент Жарлығына сәйкес, бұған дейін Орталық сайлау комиссия­сына мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оған дайындық жүргізу және өткізу жөніндегі іс-шараларды ұйымдас­тыру тапсырылған еді. Мәслихаттар жергілікті халықтың мүддесін білдіріп, өңірлердің дамуына қатысты мәселелерді қарастыруда басты рөл атқарады. Сондықтан сайлау үдерісінің заң талаптарына сай әрі жүйелі ұйым­дас­тырылуы маңызды.