Робот-ұстаз оқушылармен бірге алғашқы қоңырауды соқты

Робот-ұстаз оқушылармен бірге алғашқы қоңырауды соқты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде жаңа оқу жылы ерекше форматта басталды. Білім мен заманауи технологияны ұштастырған оқу ордасында алғашқы қоңырау робот-ұстаздың қатысуымен соғылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Биыл мектепте барлығы 1710 оқушы білім алады. Оның ішінде 1-4 сыныптарда 846, ал 5-11 сыныптарда 864 оқушы бар. Жалпы жаңа оқу жылында осы мектепте 260 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басты.

Бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау ерекше әсерлі өтті. Балалар робот ұстазбен бірге алғашқы қоңырауын соғып, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастады. Бұл – білім беру саласында цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған жаңа қадамдардың бірі.

Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде мектепте «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара аясында лицейдің 8-сынып оқушылары алғашқы тәрбие сағатын робот-ассистенттің қатысуымен өткізді. Оқушылар Конституцияның қоғамдағы орны, азаматтық жауапкершілік, адалдық пен отаншылдық құндылықтары туралы ой бөлісті.

№82 «Дарын» мектеп-лицейіндегі бұл бастама жаңа оқу жылындағы білім беру үдерісінің заманауи технологиялармен сабақтасып келе жатқанын көрсетеді.

Робот-ассистенттің оқу-тәрбие процесіне енгізілуі оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, технологиялық сауаттылықты қалыптастыруға да мүмкіндік береді.