«Қызғылт сары үнсіздік челленджі» акциясы өтті

«Қызғылт сары үнсіздік челленджі» акциясы өтті

Нұра ауданының Орталық паркінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Қызғылт сары үнсіздік челленджі» атты қоғамдық үнсіз акция өтті. Іс-шара Нұра аудандық полиция бөлімінің бастамасымен, қауіпсіздік қызметі мамандарының, еріктілердің және қоғамдық көмекшілердің қатысуымен өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке мәселе емес, адамдардың тағдырын ойрандайтын қауіп екенін қоғамға еске салу. «Үнсіз тұру» форматы да бекер таңдалмаған – бұл отбасында зорлық-зомбылық болып жатқан үйлерде естілмейтін үнсіз жанайқайдың символы.

Қатысушылар паркке БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы кампаниясының түсі саналатын, үміт пен ынтымақтастықты білдіретін қызғылт-сары элементтері бар киіммен шықты. Акция жәбірленушілерді еске алу әрі тұрмыстық зорлыққа қатысты үндемеуге болмайтынын, уақытында көмекке жүгіну қажеттігін жеткізетін үндеу болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жасырын зорлық мәселесі туралы ойлануға, жапа шеккендерге қолдау білдіруге және үнсіздік қалыпты жағдай болмауы тиіс екенін еске салуға мүмкіндік беретін қауіпсіз орта қалыптастыру.

#заңжәнетәртіп #законипорядок