Құрылтай сайлауы: өңірлерде саяси күнтәртібі қалай түзіледі?

Құрылтай сайлауы: өңірлерде саяси күнтәртібі қалай түзіледі?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Дауыс беру күні жақындаған сайын партиялар өңірлердегі сайлауалды жұмысын жалғастырып жатыр. Науқан аясында жергілікті мәселеге ойысып, әр өңірдің өзекті түйткілдері алдыңғы қатарға шығады. Бір жерде – жұмыспен қамту, енді бірінде – экология, өнеркәсіп, әлеуметтік инфрақұрылым немесе ауылды дамыту мәселесі көтеріледі. Жергілікті жердегі кездесулер партия бағдарламасының ел тұрғындарының нақты сұранысына қаншалықты сәйкес келетінін бағалаудың маңызды алаңына айналды. Төменде 6 тамыз күні Құрылтай депутаттығына кандидаттардың қай өңірлерге барып, қандай аудиториямен кездескеніне шолу ұсынылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Әділет» партиясы өңірлердегі жұмысын «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында жалғастырды. Қостанай облысында керуеннің бағыты Ұзынкөл, Меңдіқара, Алтынсарин, Әулиекөл және Қарасу аудандарын қамтыды. 700-ден астам ауыл тұрғынымен өткен кездесуде жолдардың жағдайы, ауызсумен қамтамасыз ету, байланыс сапасы және жастарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды.

Келесі бағыт Жамбыл облысы болды. Мұнда ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер күнтәртібінде тұрды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған керуен Жуалы ауданындағы шаруа қожалығы мен сүт өңдеу кооперативіне барып, Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен жеке кездесу өткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия күнді өткен теледебаттарды талдауға арнады. Партияның республикалық сайлауалды штабында «Жетінші арна» эфирінде партия атынан пікірсайысқа қатысқан Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Насибуловтың сөзі талқыланды.

Сайлауалды күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі төрт күндік жұмыс аптасына көшу мәселесі болды. Бұл бастама қоғамда кең пікірталас туғызды. ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Respublica партиясы өкілдерінің сын-пікіріне жауап беріп, төрт күндік жұмыс аптасы енгізілген немесе енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқан елдердің тәжірибесі ескеріліп отырғанын айтты.

«Байтақ» партиясы бірден бірнеше өңірде кездесу өткізді. Петропавлда еріктілер мен кандидат Алмаз Жакишев үй-үйді аралау форматында жұмыс жүргізіп, партия мәліметінше, 300-ден астам тұрғынмен тілдесті.

Жетісу облысының Мұқыры ауылында кандидат Темірлан Файзулин ауыл тұрғындарымен экотуризмді дамыту мәселесін талқылады. Кандидат Владимир Мартель Алматы ауыр машина жасау зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, өндірісті экологиялық жаңғырту тақырыбын көтерді.

Ал Шымкентте Түркістан көшесінің тұрғындарымен кездесуде жағымсыз иіс мәселесі сөз болды. Сонымен қатар партия өкілдері Алматыдағы №15 емханада медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын, ал Ақтөбе облысындағы балабақшада экологиялық тәрбиені дамыту мәселесін талқылады.

Қазақстан халық партиясы бірнеше облыста еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кандидаттар Болат Смағұлов пен Нұржан Бияқаев Еңбек мобильділігі орталығының ұжымымен кездесіп, жұмыспен қамту мәселесін талқылады.

Атырауда «Банк ЦентрКредит» филиалының қызметкерлерімен, Өскеменде автопарк ұжымымен кездесу өтті. Онда жүргізушілердің жалақысы, кадр тапшылығы және еңбек қауіпсіздігі мәселесі көтерілді.

Қарағандыда кандидаттар «ГорКомТранс» кәсіпорнының ұжымымен, Павлодар облысында дәрігерлік амбулатория мен «Ertis Su» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ партия Қарағанды индустриялық университетіндегі кездесуден кейін 40 адамның партия қатарына өткенін хабарлады.

«Ауыл» партиясы Қарағанды облысындағы Шахтер ауылдық округінде сайлауалды жұмысын жалғастырды. Мұнда партия өкілдері «Шахтерское» ЖШС ұжымымен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметімен танысты.

Кездесулер барысында элиталық тұқым шаруашылығын дамыту, аграрлық секторды мемлекеттік қолдау, заманауи агротехнологияларды енгізу, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл инфрақұрылымын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ партия өкілдері Нұра ауданындағы Шахтер ауылына барып, тұрғындармен және шаруашылық ұжымымен кездесті. Олар егістік алқаптарын, суару жүйелерін және өндірістік нысандарды аралады. Кездесу барысында ауылдық аумақтарды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеу, сондай-ақ ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері көтерілді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы төраға Дания Еспаева бастаған делегациямен Алматыдағы «Үркер-АШ» ЖШС еңбек ұжымымен және логистика саласының өкілдерімен кездесті. Онда өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.

Кандидат Виктор Микрюков партияның Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде азаматтардың жеке шоттарын енгізу жөніндегі ұсынысын таныстырды. Түркістан облысында партия филиалының өкілдері «Атлант» шипажайының ұжымымен кездесті.

Respublica партиясы Шымкенттегі жұмысын алюминий профильдері мен кабель өнімдерін шығаратын Alutech кәсіпорнына барудан бастады. Кандидаттар өндіріс барысымен танысып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Партия өкілдері Шымкент пен Түркістан облысындағы бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. «Алтын дән» кәсіпорнында өндірісті дамыту, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мәселесі талқыланды.

Леңгір ауданында партия өкілдері «Балмұздақ» ЖШС-не барып, электрмен жабдықтаудың сенімділігі, инженерлік инфрақұрылым және өндірісті дамыту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ отандық шикізаттан өнім өндіретін «Шымкентмай» АҚ-да болып, отандық өндірісті қолдау, экспортты дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, студенттік жатақханалар салу және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Осылайша, сайлауалды науқанның кезекті кезеңі ірі қалалар мен ауылдық елді мекендерді қатар қамтыған өңірлік кездесу форматында жалғасып жатыр. Көтерілген мәселелер әр өңірдің ерекшелігі мен кәсіпорындардың қызмет бағытына қарай әртүрлі болғанымен, басым бөлігі экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, экология және халықтың өмір сүру сапасын арттыру тақырыптарына арналды.