Жарты ғасырға жуық журналистерге сапа лы білім, саналы тәрбие берген тағылымы мол Темірбек Қожакеевтің дәріс оқу мәнері мүлдем бөлек тұғын. Ол өз алдына бір әң гімеге арқау болатын қызықты құбылыс. Сөзге ұста, тілі өткір, логикасы шымыр ұс таздың дәрістері жөнінде бұрынғы студент қауым, қазіргі журналистер ортасының пікірі әрқашанда жоғары. Ғалымның түгесе зерттеп, бұтарлай талдаған объектісі – жалпы сатира мен юмордың мәселелері, оның ішінде қазақ сатирасының теориясы мен тәжірибесі.
Осы сала бойынша кезінде «Қазақ сатирасы» (1970), «Сатира және дәуір» (1976), «Адам. Қоғам. Сатира.» (1980), «Сатиралық жанрлар» (1983), «Сатира – күштілер қаруы» (1985) деген монографиялық еңбектер жариялады.
Ол қазақ әдебиетінің зәру мәселелеріне де қалам тартты. Мысалы, «Қазақтың халық сатирасы» (1968), «Абай және Сұлтанмахмұт» (1969), «Қазақ мысалы» (1969), «Абай – сатирик» (1970), «Қазақ совет сатириктері» (1978) деген кітаптарына әдебиеттің аз қарастырылған саласы арқау болған.
Қазақ журналистикасының тарихы мен тәжірибесіне орай да біраз құнды дүниелерді жарыққа шығарды. Олар: «Жастар баспасөзінің тарихынан» (1957), «Қазақ баспасөзі тарихынан» (1962), «Газет жанрлары» (1963), «Қазақ совет баспасөзінің тарихынан» (1991).
Отызыншы жылдары жазықсыз жапа шеккен ірі қоғам қайраткерлері мен белгілі жазушы-журналистер жайлы баспасөз беттерінен жиі көрінген ойлы мақалалары мен «Жыл құстары» (1991), «Көк сеңгірлер» (1991) деп аталатын монографиялары Темекеңді оқырман қауымға тағы бір қырынан танытқаны анық.
Темірбек Қожекеев қазақ журналистикасының теориялық мектебін қалыптастырған алғашқы ғалымдардың бірі болды. Сондықтан мәселені «Ол не жазды?» деген сұрақпен ғана шектеуге болмайды. Ендігі жерде біз: «Қожакеев қалыптастырған ғылыми дәстүр бүгінгі журналистика ғылымына не береді және оны жаңа медианың теориялық мәселелерімен қалай сабақтастырамыз?» деген сауал қоюымыз керек.
ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ баспасөзінің тарихын жүйелеу, жанрларын жіктеу, публицистиканың табиғатын анықтау, журналист шеберлігін зерттеу, ұлттық журналистиканың өзіндік ерекшеліктерін ғылыми категорияларға айналдыру қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Темекең осы тарихи міндетті атқарған ғалымдар буынының бел ортасында тұрды.
Оның зерттеулерінде үш ірі ғылыми бағыт тоғысты: журналистика тарихы – публицистика теориясы – сатира теориясы. Бұл бағыттар оның еңбектерінде бір-бірімен ұштасып, байланысып жатты. Өйткені Темекең үшін журналистика – ақпарат өндірісі ғана емес, қоғамның мінезін, уақыттың қайшылығын, адам болмысын танытатын әлеуметтік институт болды.
Темірбек Қожакеев мұрасының ең маңызды ерекшелігі – журналистиканың теориясын ұлттық материал арқылы түсіндіруі. Бұл – өте маңызды методологиялық ұстаным. Кез-келген ғылымда теория сырттан дайын күйінде әкелінбейді. Теория нақты материалды зерттеу арқылы қалыптасады. Темекең қазақ баспасөзін, қазақ публицистикасын, фельетон мен сатираны зерттей отырып, ұлттық журналистиканың өзіндік табиғатын ашуға ұмтылды. Осы тұрғыдан қарағанда оның ғылыми әдісінде бүгін қайта қарауға тиіс маңызды қағидалар бар:
Бірінші қағида – қазақ журналистикасының теориясы қазақ журналистикасының өз тәжірибесінен жасалуы керек.
Екінші қағида – сатиралық журналистиканы қоғаммен бірге қарастыру.
Т.Қожакеев әсіресе сатира табиғатын зерттегенде ғалым осы байланысты өте терең көрсетті. Сатирадағы күлкі – көңіл көтеру құралы ғана емес, қоғамдық диагностика болып саналды. Сатира қоғамдағы кемшілікті көрсетеді. Ал фельетон жанры публистикалық жанр ретінде әлеуметтік қайшылықты ашады, қоғамдық пікір қалыптастырады.
Бұрын қоғамдағы келеңсіз құбылысты газет фельетоны әшкерелесе, бүгін оны әлеуметтік желідегі пост, видеоблог, стендап, карикатура немесе қысқа видео көрсетуі мүмкін. Форма өзгерді, платформа өзгерді, аудитория өзгерді. Бірақ қоғамдық сынның табиғаты жоғалған жоқ. Демек, Темкең зерттеген сатира теориясын бүгін цифрлық сатира, интернет-мем, визуалды сатира, әлеуметтік желідегі ирония сияқты жаңа құбылыстармен сабақтастырып зерттеуге болады. Бұл – ғылыми дәстүрдің жалғасуы.
Үшінші қағида – тікелей жанрға байланысты.
Т.Қожакеев зерттеулерінде жанр мәселесіне ерекше мән берілді. Бұл кездейсоқ емес. Классикалық журналистикада жанр – өмірлік оқиға, құбылысқа қарай журналистің шығармашылық бағытын анықтайтын, кәсіби ойлау жүйесін қалыптастыратын негізгі құралдардың бірі.
Бүгін біз «жанрлар жоғалып бара жатыр» деген пікірді жиі естиміз. Шын мәнінде, жанр жоғалған жоқ. Жанр трансформацияланды. Мысалы, репортаж мультимедиалық репортажға айналды. Очерк те жаңа формаға көшті, радиосұхбат – подкастқа өтті. Телевизиялық сюжет – YouTube видеосына, Reels пен Shorts форматына бейімделді. Яғни бұрынғы жанрлық әдісті бүгінгі платформалық журналистикаға қолдануға мүмкіндік бар. Сондықтан бізге журналистика жанрларының жаңа классификациясы қажет. Ол классификация мәтінге ғана емес, мәтін + дыбыс + дерек + көрініс интерактивтілік жүйесіне негізделуі тиіс.
Бұл – алдыңғы буын ғалымдар мектебінің дәстүрін цифрлық дәуірге жалғастырудың бір жолы.
Төртінші қағида – журналистің шеберлігі мен жауапкершілігі.
Т.Қожакеев сатиралық журналистиканы шығармашылық кәсіп ретінде қарастырғаны белгілі. Оның ғылыми және ұстаздық мектебінде журналистің тілі, ойлау қабілеті, дерекпен жұмыс істеуі, қоғамдық позициясы, кәсіби шеберлігі маңызды орын алады. Бұл мәселе бүгін бұрынғыдан да өзекті.
Өйткені ХХІ ғасыр журналистикасында бұрын адамның үш ұйықтаса түсіне кірмеген, мүлде жаңа позиция пайда болды. Бұрын ақпарат тапшы еді, қазір ақпарат шамадан тыс көп құйылып жатыр. Бұрын журналист ақпарат іздейтін, қазір ақпарат журналистің өзін тапты. Бұрын редактор материалды іріктейтін, қазір алгоритм аудиторияға қандай материал көрсету керектігін анықтайтын болды. Бұрын мәтінді адам жазатын, қазір мәтінді жасанды интеллект те жаза алады. Осы жерде журналистиканың ең үлкен мәселесі бас көтереді: егер ақпаратты алгоритм жинап, жасанды интеллект мәтін жазатын болса, журналистің қоғамдағы миссиясы қандай болмақ? Меніңше, осы мәселені түбегейлі қарастыратын уақыт келді. Ал оған жауап іздеу барысында Темкең мұрасы да көмекке келетінін ұмытпауымыз керек.
Дегенмен, бір нәрсе анық: жасанды интеллект журналисті толық алмастыра алмайды. Бірақ жасанды интеллектіні сауатты пайдаланатын журналист оны пайдаланбайтын журналисті кәсіби бәсекеде басып озуы мүмкін.
Бесінші қағида – ғылыми мектептің сабақтастығы
Ғылыми мектеп бір ғалымның ғана кітаптарынан тұрмайды. Ғылыми мектеп дегеніміз – идея, әдіс, шәкірт және сабақтастық.
Темірбек Қожакеевтің ұстаздық феноменін осы тұрғыдан бағалауымыз керек. Ол аудиторияда дәріс оқып қана қойған жоқ, журналистика туралы ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты. Ғалымның шәкірттері мен кейінгі зерттеушілер қазақ журналистикасының тарихын, жанрларын, публицистикасын, сатирасын, журналистік шеберлікті зерттеуді жалғастырды. Осылайша ғалымның еңбегі ғылыми дәстүрге айналды.
Бірақ сабақтастық дегеніміз ұстаздың айтқанын қайталап қана қою емес. Нағыз сабақтастық – ұстаз қойған мәселелерді жаңа дәуірде дамытып отыру. Сондықтан бүгінгі Қожакеев мектебінің өкілі тек фельетон тарихын зерттеумен шектелмей, әлеуметтік желідегі сатира мен мультимедиалық форматтарды салыстра қарастыруы керек. Яғни платформалық берілмдерді зерделеуі қажет. Редакция жұмысымен қатар алгоритмдердің редакциялық саясатқа ықпалын қарастыруы тиіс. Міне, бұл – дәстүрдің шынайы сабақтастығы.
Қазір ақпараттық жаңа технологиялармен бірге жаңа парадигма келді: журналистика теориясы медиа ғылымына айналды. Журналистика ғылымының зерттеу нысаны түбегейлі кеңейді. Біз енді газет, радио және телевизияны ғана қарастырып қоймаймыз. Біздің алдымызда әлеуметтік желілер, YouTube журналистикасы, подкаст, мобильді журналистика, деректер журналистикасы, фактчекинг, медиа талдау, алгоритмдік журналистика, генеративті жасанды интеллект, автоматтандырылған контент өндірісі сияқты жаңа зерттеу нысандары пайда болды. Сондықтан қазақ журналистикасы ғылымы да медиа және коммуникация зерттеуі кеңістігіне қарай бет түзеуі қажет.
Бірақ осы үдерісте бір қауіп бар. Жаңа технологияға тым әуестеніп, журналистиканың гуманитарлық табиғатын жоғалтып алмауымыз керек. Т.Қожакеев мұрасы бізге осы тұста да көмекке келеді. Өйткені оның журналистік еңбектерінде технологиядан гөрі жеке адам тұлғасы мен қоғамдық мәселелер алдыда тұрды. Бүгінгі жаңа медиа теориясының да түпкі астары осы болуы тиіс.
Темірбек Қожакеев есімі аталғанда, шыны керек, әртүрлі пікір қоздап қоя береді. Біреулер еріксіз езу тартып, қызықты бір жайды баяндай бастаса, енді біреулер бұртия қалатын шақтар да жоқ емес. Өйткені өзіне де, өзгеге де қатаң талап қою қашан да ауыр. Әсіресе, өзгеге қойған талапты кім қалай түсінеді? Темекеңді кейде тым қатігездеу көрсететін жайлар осындайдан туып жататын секілді. Өйткені белгілі сықақшы Үмбетбай Уайдин бір мақаласында ұстаздың талапшылдығы шын жанашырлықтан туатынына көзі әбден жеткен соң сыр қып жазды.
Аузы дуалы академик ағамыз Зейнолла Қабдолов кезінде Темекеңнің өмірлік ұстанымына орай жазған мақаласына «Мықшеге» деп ат қойғанын ұмытпаймыз. Сол сияқты күлкісі бөлек Көпен-сатирик «Дию мінген декан» деп жазып, елді бір елең еткізгені есімізде. Мемлекет және қоғам қайраткері, талантты ғалым-зерттеуші Мұхтар Құл-Мұхаммед «Дара декан» деп бағалады. Дарынды жазушы Дидахмет Әшімханов «Темірбек – көп, Қожакеев – біреу» деп, оның қайталанбас тұлға екенін дөп басты. Осы зерттеулер мен мақалалар тақырыптарының өзі ол кісінің қайталанбас тарихи тұлға болғанын айтып тұрған жоқ па?!
Темірбек Қожакеев өмір сүрген дәуір мен бүгінгі медианың арасында орасан зор технологиялық айырмашылық бар. Ол замандағы газет бүгін смартфон экранына көшті. Ол зерттеген фельетон әлеуметтік желідегі пост пен видеосатираға айналды. Бірақ журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі өзгерген жоқ. Ол кісінің ғылыми мектебінің өміршеңдігі де осында. Сондықтан ғалымның мұрасын қайта қараудың ең дұрыс жолы – оның кітаптарын сөреге қойып, мерейтой сайын еске алу ғана болмауы керек. Оның ғылыми дәстүрін жалғастыру арқылы медиа саласындағы қазіргі мәселелерді қарастырып, жаңа тұжырымдар жасап, қазақ журналистикасының теориясын әлемдік ғылыми кеңістікке шығару лазым. Осы бағытта үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын әмсе ұмытпаған дұрыс.
Намазалы Омашұлы,
Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор