Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есеп берілді

Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есеп берілді
фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады.

Жиын барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегені атап өтілді. 

Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті.
 
Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды

Тексеріс нәтижесі Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс. Жиында қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ететін жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігіне баса мән берілді. Жаңғыру белгілері әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артқанынан байқалуға тиіс. Сонымен қатар кешенді тексеріс объективті түрде жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеу қажеттігі атап өтілді. Қарулы күштер қатарында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидаты мүлтіксіз сақталуы керек. Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.