Бір кітап – бір тарих. Осындай тақырыппен Астана қаласындағы жалпы білім беретін №114 мектепте әдеби-танымдық кеш өтті.

Кешке қаламгерлер Ерлібай Қадырбай мен Төлен Тілеубай қатысты. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар шығармашылық иелерінің өмірбаянымен, кәсіби қызметімен және жетістіктерімен танысты. Кеш қонақтары өз кітаптарының жазылу тарихы, шығармашылық жолы туралы әсерлі әңгімеледі. Әр кітаптың жазылу тарихы бар. Оқушылар сол тарихты автордың өз аузынан естіп-білді.

Сұрақ қойған оқушылардың арасында болашақта ақын, жазушы болғысы келетіндер де бар болып шықты. Әрбір бала - жеке индивид. Сол баланың жастайынан білімге, кітапқа құмар болып өсуі үшін ең алдымен жақсы, ізгі, рухани орта керек. Мектеп сондай орта қалыптастырса ол жерден талантты, талапты, зерделі балалар көп шығады. Кітапхананың бір өзі рухани әлемді нұрландыратын киелі жер. Сол жерге балаларды үнемі кітап талқылауға шақырып, күн сайын 10-15 минут бір әдеби шығарманы толық талдап отырса, оның әр балаға, оқырманға берері мол.

Бахтыхан БАЩИБЕКОВА,
мектеп кітапханасының меңгерушісі