Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін маңызды бетбұрыс

Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін маңызды бетбұрыс
фото: А. Сатвалдиевтің жеке архивінен

Бүгін еліміздің саяси өмірінде айрықша мәні бар тарихи оқиға өтті. Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясы ашылып, жаңа Конституцияға сәйкес құрылған бір палаталы заң шығарушы орган ресми түрде жұмысын бастады.

Бұл – мемлекеттік басқару жүйесіндегі кезекті құрылымдық өзгеріс қана емес. Бұл – Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін маңызды бетбұрыс.

Құрылтайдың алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жаңа заң шығарушы органның алдында тұрған негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындады. Президент сөзінің арқауында халық сенімін ақтау, ұлттық мүддені қорғау, сапалы заң шығару және мемлекетті заманауи талаптарға бейімдеу мәселелері тұрды.

Құрылтай атауының өзі халқымыз үшін терең тарихи мағынаға ие. Ежелден ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын, жұртты ортақ мақсатқа ұйыстыратын алаң болған бұл институт бүгінде жаңа мазмұнда жаңғырып отыр. Ендігі міндет – сол тарихи сабақтастықты қазіргі заманғы парламентаризм талаптарымен үйлестіру.

Жаңа Құрылтайға артылатын жауапкершілік те зор. Депутаттың міндеті заң жобасына дауыс берумен ғана өлшенбейді. Әрбір қабылданған заң азаматтардың күнделікті өміріне әсер етіп, қоғамның дамуына бағыт-бағдар береді. Сондықтан заңдар түсінікті, әділетті, өміршең және нақты қоғамдық сұранысқа жауап беретін болуы тиіс.

Алда жаңа Конституцияның қағидаларын қолданыстағы заңнамаға жүйелі түрде енгізу міндеті тұр. Сонымен қатар цифрландыру, жасанды интеллект, энергетикалық қауіпсіздік, көші-қон, әлеуметтік қолдау, масс-медиа және онлайн-платформалар секілді қарқынды өзгеріп жатқан салаларда заманға сай құқықтық негіз қалыптастыру қажет.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы көтерген «E-Parliament» бастамасының да маңызы ерекше. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды заң шығару, сараптама және қоғамдық пікірді талдау үдерісіне енгізу парламенттік жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Әлемдегі қазіргі ахуал да мемлекеттерден жеделдікпен қатар, стратегиялық көрегендікті талап етеді. Қазақстан өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, ықтимал сын-қатерлерді алдын ала бағалап, оларға дайын болуға тиіс. Сондықтан Құрылтай елдегі реформалардың берік заңнамалық негізін қалыптастыратын басты институттардың біріне айналуы қажет.

Бірінші шақырылым депутаттарының мойнына ерекше тарихи міндет жүктеліп отыр. Олар жаңа саяси жүйедегі Құрылтай жұмысының дәстүрін қалыптастырып, парламенттік мәдениеттің жаңа үлгісіне жол ашады.

Ең бастысы – Құрылтай халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын, түрлі пікірлер тоғысатын, ұлттық мүдде мен ел болашағына қатысты салмақты шешімдер қабылданатын беделді саяси мінбер болуы тиіс.

Бірінші шақырылым депутаттарына халық аманатын абыроймен арқалап, ел дамуына қызмет ететін әділетті әрі сапалы заңдар қабылдауда табыс тілеймін.

Алишер Сатвалдиев,

саясаткер