Қазақстандық сақтандырушылар AI технологияларын қолдану арқылы жылына 10 млн долларға дейін үнемдейді

Қазақстандық сақтандырушылар AI технологияларын қолдану арқылы жылына 10 млн долларға дейін үнемдейді
фото: Freedom Insurance

Қазақстандық сақтандырушылар AI технологияларын қолдану арқылы жылына 10 млн долларға дейін үнемдейді. Бұл туралы «Freedom Insurance» СК» АҚ Басқарма төрағасы Азамат Керімбаев AI&Digital Bridge аясында өткен жасанды интеллект көмегімен шешім қабылдаудағы AI-агенттер мен жауапкершілікке арналған сессия барысында айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикер AI негізіндегі әзірлемелер енгізіліп жатқанына қарамастан, шешім қабылдау жауапкершілігі бәрібір адамға жүктелетінін атап өтті. «Сақтандыру компаниясы және басқа да қаржы ұйымдары - лицензияланатын әрі реттелетін қызмет түрі. Сондықтан қате шешім қабылданған жағдайда, реттеуші оның жауапты тұлғасын білуі керек», - деді ол. Сонымен қатар жасанды интеллект шешімдерін пайдаланатын сақтандыру өнімдері де бар және оларға сұраныс артып келеді. «Біздің компанияда осындай өнім бар - агробизнесті параметрлік сақтандыру. Мұнда спутниктік деректер мен компьютерлік көру технологиясы негізінде алгоритмдер тәуекелдің іске қосылғанын анықтайды. Осы шешімнің негізінде біз агроөндірушілерге төлемді бірден жүзеге асырамыз және мұндай шешім ешкіммен дауланбайды. Бұл, бәлкім, біздің компаниямыздағы шешімді шынымен де алгоритмдер қабылдайтын жалғыз жағдай», - деп атап өтті ол.

Көбіне сақтандырушылар жасанды интеллект элементтерін клиенттерге қызмет көрсетуді жеңілдету және бизнестің тиімділігін арттыру үшін қолданады. Азамат Керімбаевтың айтуынша, сақтандыру компаниялары колл-орталыққа жаңа қызметкерлерді қабылдаудың орнына оның жұмысын роботтандыру арқылы автоматтандыра бастаған. Ол үшін компания сөйлеу синтезі мен дауыстық аналитика технологияларын енгізіп, клиенттермен болған бірнеше жүз мың қоңырау жазбасын талдаған. «Клиент сақтандыру компаниясына қоңырау шалған кезде үш негізгі сұрақ қоятыны анықталды: сақтандыру полисін қалай рәсімдеуге болады, оны қалай қайта рәсімдеуге болады және сақтандыру төлемімнің жағдайы қандай? Біз осы сұрақтарға жауап беру процесін автоматтандырып, роботтандырдық. Бүгінде қоңыраулардың көлемі үлкен болғанына қарамастан, клиенттеріміздің барлық өтініштерінің 42%-ы роботтардың көмегімен өңделіп, толық аяқталады», - деді сақтандыру компаниясының басшысы. 

Компания сақтандыру жағдайларын реттеу үшін цифрлық технологияларды әлдеқашан белсенді қолданып келеді. Осының арқасында сақтандыру жағдайын рәсімдеу кезінде клиенттің өтініш беру және төлем алу процесін жеңілдетіп, жеделдетуге мүмкіндік туды. «Бұл реттеу процесіне жұмсалатын шығындарды жылына орта есеппен 10 млн долларға қысқартуға мүмкіндік берді. Яғни компания сақтандыру жағдайларын реттеуге аз қаражат жұмсаса, бұл клиенттеріміз үшін сақтандыру құнының 10 млн долларға төмендегенін білдіреді. Жасанды интеллектіні қолдану клиенттеріміздің қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді деуге болады», - деп түсіндірді Керімбаев.

Қазір компания автокөлікке келтірілген залалды бағалау үшін компьютерлік көру технологиясын қолдану бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін зақымдарды автоматты түрде толық анықтап, сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеу мүмкіндігі іске қосылуы тиіс.

«Бүгінде сақтандыру төлемдерінің 72%-ын 10 күн ішінде жүзеге асырамыз. Ал 2026 жылдың үшінші тоқсанында сақтандыру жағдайын қарау уақыты 32%-ға қысқарды», - деп атап өтті сарапшы. 

Сонымен қатар 2027 жылы компания сақтандыру төлемдерінің 60%-ына дейінін AI-агенттің шешімі негізінде, яғни адамның қатысуынсыз реттеуді жоспарлап отыр.

AI технологияларын қолданудың айтарлықтай нәтижелеріне қарамастан, спикер мұндай шешімдер негізінен ірі компаниялар үшін тиімді екенін атап өтті.

«Егер компания ауқымды бизнес болса, AI-агенттерді енгізу арқылы тиімділіктің артқанын сезіне алады. Ал деректер көлемі немесе клиенттер саны көп емес бизнесте AI әзірлемелері соншалықты тиімді болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда оларды енгізу құны алынатын қаржылық үнемнен асып кетуі ықтимал. Сақтандыру және қаржы компанияларындағы әріптестеріміз AI әзірлемелеріне ай сайын 50 мың долларға дейін жұмсайды. Бұл білім базасын жетілдіруге және деректерді талдауға қажет. Сондықтан жасанды интеллектіні қолдану айтарлықтай қаржылық ресурстарды және оның нақты бизнеске қаншалықты қажет екенін түсінуді талап етеді», - деп қорытындылады ол