2026 жылғы 20–22 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы өтеді. Бұл – авиациялық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік саласындағы негізгі халықаралық іс-шаралардың бірі. Қазақстан алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен авиациялық әкімшіліктердің басшыларын және авиация саласының өкілдерін біріктіретін жаһандық форумның өткізу алаңына айналады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
ИКАО басшыларды, реттеуші органдарды, сала өкілдерін және жетекші сарапшыларды біріктіретін ірі халықаралық іс-шараларды өткізеді. Авиациялық қауіпсіздік апталығын Астана қаласында өткізу Қазақстанның ИКАО-мен халықаралық ынтымақтастығы жоғары екенін және ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестік көрсеткіші 95,7% болатын Қазақстан әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына кіреді және қазіргі уақытта Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ел болып табылады.
Өңірлік деңгейдегі іс-шараларды өткізуде мол тәжірибесі бар Қазақстан енді жаһандық деңгейге көтеріліп отыр. Бұл еліміз үшін де, халықаралық авиация қауымдастығы үшін де маңызды оқиға.
«Күрделі әлемдегі қауіпсіз аспан: баршаға арналған авиациялық қауіпсіздікті арттыру» тақырыбында өтетін ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығына ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласардың, сондай-ақ шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдерінің келуі күтілуде.
Бүгінде азаматтық авиация қауіпсіздік саласындағы жылдам өзгеріп жатқан орта жағдайында жұмыс істеуде. Дәстүрлі қауіп-қатерлермен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына, киберқауіптердің өсуіне, ұшқышсыз әуе кемелерінің таралуына, сондай-ақ қарулы қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздықтың салдарына байланысты жаңа тәуекелдер туындауда.
Осы жағдайда авиациялық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарын қорғау, саланың киберинциденттерге мобильділігін арттыру, ұшқышсыз әуе кемелерін пайдалануға байланысты қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау, тәуекелдерді бағалау тәсілдерін жетілдіру және, оның ішінде қақтығыстар жағдайында, ақпарат алмасудың тиімділігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында іс-шараға қатысушылар тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерін, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу мәселелерін, кадрлық әлеуетті дамыту және авиациялық қауіпсіздік жүйелерін нығайту бағыттарын талқылайды. Азаматтық авиация қызметінің қақтығыстар жағдайындағы тәуекелдерін бағалаудың практикалық тәсілдерін жетілдіруге және ақпарат алмасуды дамытуға ерекше назар аударылады.
Талқылаулар ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспары (GASeP) және ИКАО-ның тұрақты мониторинг жүргізілетін Авиациялық қауіпсіздік аудитінің әмбебап бағдарламасы (USAP-CMA) сияқты негізгі жаһандық бастамаларын іске асыру аясында өтеді.
ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы 2027 жылы өтетін Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі үшінші конференцияға (HLCAS/3) халықаралық авиация қауымдастығының дайындығының маңызды кезеңіне айналады. Астанада өтетін іс-шара жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту үшін маңызды басымдықтар мен тәсілдерді талқылауға мүмкіндік береді.