Қазақстанда алаяқтықпен күресу үшін ресми қоңырауларды белгілеу жүйесі енгізіледі

Қазақстанда алаяқтықпен күресу үшін ресми қоңырауларды белгілеу жүйесі енгізіледі
фото: ortcom.kz

Интернет, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін енді тек тиісті лицензиясы бар операторлар ғана ұсына алады. Бұл олардың сапасын, сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Абоненттердің ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан ажырата алуы үшін ұялы байланыс құрылғыларында қоңырауларды белгілеу жүйесі енгізіледі. Яғни банктерден, қызмет көрсетуші компаниялардан және басқа да ұйымдардан келіп түсетін ресми қоңыраулар құрылғының экранында арнайы белгімен көрсетіледі», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Жалпы, телекоммуникация саласына қатысты 90-ға жуық заңнамалық норма қабылданды. Заң тамыз айының соңында күшіне енеді. Вице-министрдің айтуынша, маусым айының соңынан бастап абоненттерге байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламаларынан, сондай-ақ автоқоңыраулардан бас тарту мүмкіндігін беретін норма күшіне енді.
Бұдан бөлек, ақылы байланыс және интернет қызметтері абоненттің екі кезеңді келісімі алынғаннан кейін ғана қосылатын болады.