Қазақстанда 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар

Қазақстанда 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар
фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы

Қазақстанда 35 жыл қатарынан, жыл сайын 1 қазанда қарттар күні атап өтіледі. Бұл айтулы күн - аға буынның мемлекетіміздің дамуына қосқан елеулі үлесіне құрмет көрсетіп, олардың бай өмірлік тәжірибесі мен ұрпаққа қалдырған өнегелі жолын ұлықтайтын маңызды мезет, деп хабарлайды astana-akshamy.kz «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап. 

Бүгінде елімізде ғасырлық межеден асқан 44 зейнеткер бар. Олар - шаһарлардың қалыптасуына, жаңа ұрпақтың өсіп-өркендеуіне куә болған тұлғалар.

Әйелдер арасында еліміздегі ең жасы үлкен зейнеткер - 106 жаста, ол Шымкент қаласында, отбасының ортасында өмір сүруде. Ал Алматы қаласында тұратын 104 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик атамыз - ер азаматтар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Олардың 64%-ын әйелдер, ал 36%-ын ер адамдар құрайды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аға буын өкілдеріне көпжылдық еңбегі мен ел дамуына қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіріп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасылық береке тілейді.
_____