«Қара алтындағы» қазақтың үлесі

«Қара алтындағы» қазақтың үлесі

Кино әлемінде бизнес пен байлықтың ар жағындағы адам тағдырын көрсететін фильмдер аз емес. Мәселен, америкалық «There Will Be Blood» картинасында мұнайдың адам мінезін қалай өзгертетіні, байлық пен биліктің адамды қалай сынайтыны суреттелсе, «The Wolf of Wall Street» фильмінде ақшаның соңынан кеткен адамның шектен шығуы көрсетіледі. Ал «The Founder» секілді туындылар бизнестің қалай басталып, қалай үлкен жүйеге айналатынын баяндайды. Мұндай фильмдердің ортақ бір сипаты барлығы дерлік көрерменге кәсіптің өзін ғана емес, сол кәсіптің артында тұрған адамның мінезін, таңдауын, жеңісі мен жеңілісін көрсетуінде.

Сценарийін Мұрат Есжан жазған, продюсері – Айсәуле Әбіл. Бас кейіпкер Қасым Исағалиевтің рөлін актер

Қуандық Қыстықбай сомдаған қазақстандық «Қара алтынды» да осы қатарға қосқымыз келеді. Өйткені мұнда негізгі әңгіме мұнай туралы емес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан, жаңа заманға бейімделуге тырысқан адамдар, байлықтың қалай бөлінгені, бизнестің қалай қалыптасқаны және сол кезеңде арманын жоғалтпай қалған азамат туралы сияқты сезілді өзімізге.

Фильмнің басты кейіпкері Қасым Исағалиев – бастап­қыда мұнайға еш қатысы жоқ, құрылыс кооперативін басқарып жүрген кәсіпкер. Бір қарағанда, қалыптасқан кәсібін тастап, бейтаныс салаға баруы ақылға сыймайтын тәуекел сияқты. Оның үстіне ол таңдаған кен орны кезінде тиімсіз, болашағы жоқ деп бағаланған. Бірақ Қасым осы жерден мүмкіндік көреді. Сөйтіп, оның мұнай саласына жасаған қадамы біртіндеп үлкен күреске айналады. Бұл күрес бұрғылау алаңындағы қиындықтан ғана тұрмайды. Инвестор табу, лицензия алу, бюрократиялық кедергілерден өту, шетелдік серіктестермен келіссөз жүргізу – бәрі кейіпкердің төзімін сынайды. Фильмнің бір ерекшелігі де осында. Ол 90-жылдарды тек атыс-шабыс, қылмыс пен қарақшылық дәуірі ретінде көрсетпейді. Керісінше, сол өтпелі кезеңде біреулер елдің мүмкіндігін пайдаланып кетсе, енді біреулер өз еңбегімен жаңа жол салуға тырысқанын аңғартады. Қасымның тарихы осылайша бір адамның өмірбаянынан асып, сол дәуірдің шағын көрінісіне айналады. Оқиғаның балалық шақтан басталып, 2000-жылдарға дейін жалғасуы да бекер емес. Авторлар кейіпкердің кәсіпкер болып қалыптасуын бір күнде пайда болған құбылыс ретінде емес, өмірлік тәжірибенің нәтижесі ретінде көрсеткісі келеді. Фильмнің өзегіндегі «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген Шәкәрім сөзі де осы оймен қабысып тұр. Байлыққа жету – басты мақсат емес, сол байлыққа қандай жолмен жету  маңызды деп тұрғандай.

Бөліске түскен байлық па?

«Қара алтынды» көріп отырып, мені фильмдегі мұнайдың өзінен гөрі сол мұнайдың айналасындағы адамдар мен қарым-қатынас көбірек ойландырды.  Ақша мен билік қатар жүрген жерде әділет мәселесі де қатар жүреді.  Фильмді көргенде кей тұста сол кездегі қоғамдағы бөліске салушылық пен жемқорлықтың сарыны сезіледі. Өйткені арада қанша жыл өтсе де, қоғамда байлықтың әділ бөлінуі, мүмкіндікке кімнің бірінші жететіні, таныстық пен тамыр-таныстың рөлі, жемқорлық секілді мәселелер әлі де толық жоғалып кеткен жоқ. Сондықтан «Қара алтын» маған тек «90-жылдары мұнай бизнесі қалай басталды?» деген сұраққа жауап беретін фильм болып көрінбеді. Керісінше, «Сол кезде басталған экономикалық қатынастар бүгінгі қоғамға қалай әсер етті?» деген басқа бір сұрақты алға шығаратындай. Фильмнің ең қызық тұсы да осында. Кеше болған оқиғаны көріп отырып, бүгінгі Қазақстанды ойлайсың.

Дегенмен, фильмде менің көңілімде толық ашылмай қалған бір тұс бар. Ол – Қасым­ның отбасылық өмірі. Басты кейіпкердің кәсіпкерлік жолы, мұнай үшін күресі, инвестормен келіссөздері, жүйемен арпалысы кеңінен көрсетіледі. Бірақ осы жолда оның отбасы не көрді? Зайыбы қандай қиындықтарды бастан өткерді? Оның үлкен мақсатқа ұмтылуына отбасының қолдауы қандай болды? Осы сұрақтардың жауабы фильмде сәл көмескілеу қалған.

Байлықты емес,адамгершілікті алға шығарған

Фильм мұнай туралы бастал­ғанымен, соңында мұнайдың өзінен гөрі адам туралы көбірек ойланасың. Берілмейтін Қасымның жолы туралы. Елге оралып өз орнын тапқан Ұларбек жайында толғанып, өзіңмен өзің бір сәтке оңаша қаласың. Ал 90-жылдардың көрінісі – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы экономикалық қадамын еске түсіреді. Ең бастысы, экрандағы сол заманға қарап отырып, бүгінгі күннен де таныс нәрселерді көресің. Бөліске салушылық, байлықтың кімге және қалай бұйыратыны, әділет пен жемқорлық мәселесі толық жоғалып кеткен жоқ деген ой келеді. Мүмкін, «Қара алтынның» көрерменге қалдыратын ең үлкен сұрағы да осы шығар...