«Талғамы биік реставратор» атты дөңгелек үстел өтті

«Талғамы биік реставратор» атты дөңгелек үстел өтті
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде белгілі суретші-реставратор, қолөнер шебері Тұрсынкүл Жайлаубаеваның кәсіби және шығармашылық жолына арналған «Талғамы биік реставратор» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тұрсынкүл Жайлаубаева 1980 жылдардан бері ұмыт бола бастаған тоқыма бұйымдарын, дәстүрлі киім үлгілерін, кілем, киіз және былғарыдан жасалған тарихи жәдігерлерді қалпына келтірумен айналысып келеді. Шебер көне материалдар мен тұрмыстық бұйымдарды жасау технологияларын зерттей отырып, музей жәдігерлерінің бастапқы қалпын сақтау ісімен айналысады.

Тұрсынкүл Жайлаубаева Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» екінші рет қалпына келтіру жұмысына тікелей атсалысты. Сондай-ақ ол Абылай хан мен Қазыбек бидің шапандарын, XVIII ғасырдағы әйелдер киімінің үлгілерін, скиф дәуіріне жататын мата және былғары бұйымдарды қалпына келтірді.

Шебердің қолынан өткен бірқатар жәдігер бүгінде Қазақстан музейлерінің қорында сақтаулы. Ол ұзақ жылдар бойы ұлттық киім тігудің көне үлгілері мен дәстүрлі әдістерін зерттеп, оларды сақтауда еңбек етті. Тарихи бұйымдарды қалпына келтіруде шебер матаның ерекшелігіне, жіп түріне, киімнің пішімі мен әшекейлеу тәсілдеріне дейін жіті мән береді.

Дөңгелек үстелде ғалымдар, археологтар, этнографтар, реставраторлар мен қолданбалы өнер шеберлері реставрация саласын дамыту, дәстүрлі қолөнер тәсілдерін сақтау және кәсіби тәжірибені жас мамандарға үйрету жайында пікір алмасты.