Қаламгерлер тастаяқта бақ сынады

Қаламгерлер тастаяқта бақ сынады
фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан халқы тілдері күніне орай Астанада қаламгерлер арасында өткен «Сөз бен сана» тақырыбындағы тастаяқ турнирі мәресіне жетті. Ұлттық тіл мен әдебиетті ұлықтап, шығармашылық қауым өкілдерінің басын қосатын бұл спорттық-мәдени іс-шараны жыл сайын Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы және «Elorda Aqparat» медиа холдингі бірлесіп ұйымдастырады. Биыл дәстүрлі дода үшінші рет өткізіліп отыр.

Қаламгерлер арасында ұйымдастырылған турнирдің ерекшелігі – салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, сөз өнері мен шығармашылық ортаның бірлігін нығайтуында. Сондықтан бұл жарысты тек спорттық бәсеке деп қабылдауға болмайды. Бұл – қалам ұстаған қауымның еркін пікір алмасып, бір-бірімен жақынырақ танысып, шығармашылық байланысын нығайтатын жақсы дәстүрге айналған тағылымды іс- шара.

Кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін сұрмергендер бас қосқан биылғы турнир аса тартысты өтті. Бір күнге созылған дода барысында қаламгерлер мергендік пен ептіліктен сынға түсті. Жарыстың шешуші кезеңінде ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы мен белгілі тележурналист Әлімжан Сабыржанұлы шеберліктерін сынады. Нәтижесінде Ұларбек Нұрғалымұлы қарсыласын 8:2 есебімен жеңіп, турнирдің бас жүлдесіне ие болды. Осылайша Әлімжан Сабыржанұлы екінші, ақын Жанарбек Әшімжан үшінші орынға тұрақтады.

Сонымен қатар бірқатар қаламгерге арнайы жүлделер табысталды. Әлихан Бөкейхан атындағы арнайы жүлде – Әділ Ахметовке, Қайым Мұхамедханов атындағы арнайы жүлде – Алдан Смайылға, Ыбырай Алтынсарин атындағы арнайы жүлде – Қойшығара Салғараұлына, Сайын Мұратбеков атындағы арнайы жүлде – Төлен Әбдікке берілді. Ал Әлібек Асқар «Мәдениетті ойыншы» аталымымен марапатталды. Бір бөлім ойыншыларға «алғашқы шар», «үздік серия» сияқты арнайлы жүлде берілді.

– Қазақстан халқы тілдері күнінде осындай мазмұнды іс-шара ұйымдастырып, қаламгерлердің өзара пікір алмасуына тамаша орта әзірлеп, мерекелік көңіл күй сыйлаған Астана қаласының әкімдігіне алғысымыз шексіз. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Достықты ту еткен ойыншылар керемет өнерін көрсетті, – деді турнирдің төрешісі, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақ.

Тіл мен әдебиетті, ұлттық дәстүр мен спортты тоғыстырған «Сөз бен сана» тастаяқ турнирі осылайша өз мәресіне жетті. Қаламгерлердің басын қосатын бұл дәстүрлі дода алдағы уақытта да жалғасын таппақ.