Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Ерлан Өтеуовтың төрағалығымен Профилактика кеңесі мүшелерімен және қоғамдық белсенділермен кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы бірлескен жұмыстың қорытындылары шығарылды. Қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін ең белсенді қатысушылар Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Кездесу барысында киокушинкай каратэден Азия чемпиондары атанған елордалық спортшылардың жетістіктеріне ерекше назар аударылды. Ерлан Өтеуов спортшыларды табысты өнер көрсетулерімен құттықтап, жаттықтырушылар құрамына алғысын білдірді. Сондай-ақ жастардың спорттағы жетістіктері тәртіптің, мақсаткерліктің және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Кездесу мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен спорт қауымдастығының «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтудағы өзара іс-қимылының тиімділігін тағы бір мәрте растады.