Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу ҚР мемлекеттік құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. ҚР Конституциясына сәйкес адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық болып табылады. Сондықтан әрбір азаматтың, оның ішінде отбасындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Отбасы – қоғамның негізі, алайда тұрмыстық жанжалдар құқық бұзушылықтардың жасалуына жиі себеп болады. Отбасылық-тұрмыстық салада денсаулыққа зиян келтіру, азаптау, сталкинг, зорлау, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалады. Осы ретте өзіңізді және жақындарыңызды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қалай қорғауға болады: құқықтар, қорғау шаралары және қайда жүгіну керек? Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Мадияр Оразақ баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұрып-соғу үшін жауапкершілік
-Отбасылық-тұрмыстық салада жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – ұрып-соғу. Ол үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабында көзделген. Аталған бап Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 15 сәуірдегі №72 Заңымен енгізілді. Ұрып-соғу деп денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпағанымен, дене ауырсынуын келтірген ұрып-соғуды немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау түсініледі. Осы қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар не 30 тәуліктен 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жаза көзделген. Мәселен, бір жағдайда қала тұрғыны қызғаныштан туындаған отбасылық жанжал кезінде жұбайына дене жарақатын келтірген. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Сот үкімімен кінәліге 40 сағат қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалды, - дейді спикер.
Сталкинг – қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекет
2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде сталкинг үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін 115-1-бап күшіне енді. Сталкинг деп адамның еркіне қайшы байланыс орнатуға немесе аңдуға бағытталған, күш қолданумен ұштаспайтын, бірақ елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау түсініледі. Осы құқық бұзушылықты жасағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жаза көзделген. Тәжірибе жаңа норманың қолданылып жатқанын көрсетуде. Мәселен, некесі бұзылғаннан кейін ер адам бұрынғы жұбайының бірнеше мәрте ескертуіне қарамастан, оны қудалауын жалғастырған, жұмыс орны мен тұрғылықты жеріне барған, сондай-ақ ұялы телефондағы WhatsApp қосымшасы арқылы жүйелі түрде қоңырау шалып, хабарламалар жіберген. Жәбірленушінің арызы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен сотқа жолданып, ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды.
Алдын алу – басты басымдық
Мемлекет отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттік органдар әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған отбасыларды анықтау, оларға қажетті көмек көрсету және профилактикалық іс-шараларды жүргізу бойынша жүйелі жұмыс атқаруда.
-Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі мақсаты – кінәлілерді жауаптылыққа тарту ғана емес, ең алдымен зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту. Көмекке дер кезінде жүгіну, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қағидатты құқықтық баға беру және профилактикалық жұмыстар жүргізу осындай құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендетуге және отбасының әрбір мүшесі үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, - дейді прокурор.