Президент Жолдауын жүзеге асыру: елімізде «қызыл аймақтағы» ЖЭО саны төрт есе қысқарды

Президент Жолдауын жүзеге асыру: елімізде «қызыл аймақтағы» ЖЭО саны төрт есе қысқарды
фото: primeminister.kz

Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, оның тозу деңгейін төмендету және негізгі нысандардың сенімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2024–2026 жылдар аралығында «қызыл аймақтағы» жылу электр орталықтарының (ЖЭО) саны 19-дан 5-ке дейін қысқарды. Сонымен қатар жылыту кезеңінде электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 32%-ға төмендеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Еліміз өндіруші жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстарын жеделдетіп, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқару үдерістері де цифрлық негізге көшірілуде.

Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру аясында жүргізілуде. Президент тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғыртуды елімізді орнықты дамытудың негізгі факторларының бірі ретінде белгіледі.

Энергетика саласын дамытуға ерекше назар аударылуда. Жаңа өндірістерді іске қосу және экономиканы цифрлық трансформациялау үшін электр энергиясының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету және энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру қажет.

2026 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жоспарланған барлық энергетикалық қуат көздерін белгіленген мерзімдерді кейінге қалдырмай, 2027 жылдың соңына дейін толық іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін дамыту және Батыс аймақтың энергия жүйесін Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобаларын аяқтау, салада жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, онлайн-мониторинг енгізу жөнінде міндет қойылды.

Бұдан бөлек, бұған дейін Ұлттық құрылтай отырысында Президент Үкіметке «таза» көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба қабылдауды тапсырған болатын.

Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы қалай өзгеріп жатқаны, қандай жаңа қуат көздері іске қосылатыны және жаңғырту жұмыстары халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына қалай әсер ететіні туралы Primeminister.kz редакциясының шолуынан оқи аласыздар.

Энергетика саласы: жылу электр стансалары тәуекел аймағынан кезең-кезеңімен шығарылуда

2024-2025 жылдары еліміздің электр стансаларында 20 энергияблок, 118 қазандық және 84 турбина жөнделді. Электр стансаларының орташа тозуы 56%-дан 53%-ға дейін төмендеді, ал 2026 жылғы жөндеу науқанының қорытындысы бойынша оның одан әрі  төмендеуі 52% болады деп күтілуде.

Сонымен бірге сенімділік көрсеткіштері де жақсаруда. Егер 2023-2024 жылдардағы жылу беру кезеңінде электр стансаларында 1 469 технологиялық ақау тіркелген болса, 2025-2026 жылдары ол 1 004 болды. Жылу желілерінің температуралық кестелерін сақтамау жағдайларының саны 215-тен 21-ге дейін, яғни 10 еседен астамға қысқарды. Соңғы 2 жылда «қызыл аймақтағы» ЖЭО-лар саны 19-дан 5-ке дейін түссе, «сары аймақтағы» ЖЭО-лар саны 11-ден 19-ға дейін өсті, бұл ретте «жасыл аймақтағы» стансалар саны 2 есеге – 7-ден 14-ке дейін өсті.

Жаңа қуат көздері: 2027 жылғы ішкі сұранысты қамту

Келесі кезең  – қуат көздерін кеңейту. 2025 жылы жалпы қуаты 166 МВт болатын дәстүрлі энергетика нысандары, сондай-ақ 503,5 МВт болатын 9 ЖЭК жобасы іске қосылды. 2026 жылы 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын генерацияны енгізу жоспарланған. Қызылордада қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғылары (БГҚ) іске қосылды. Текелі энергокешенін жаңғырту аяқталды, оның қуаты екі жыл ішінде 53 МВт-қа ұлғайтылды. Ең ірі жаңа нысандардың бірі – қуаттылығы 1 ГВт-тық «Түркістан» БГҚ болды, ол елдің оңтүстік аймағын энергиямен жабдықтауды күшейтеді.

2027 жылы тағы 845 МВт жаңа энергия қуатын енгізу жоспарлануда. Бұл I тоқсанда елдің электр энергиясына деген қажеттілігін жабуға, ал жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт\сағат профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Көмірді қуат көзіне айналдырудың ұлттық жобасы 2030 жылға дейін 8 жаңа энергия көздерін салуды және 7,8 ГВт-тық жұмыс істеп тұрған 11 электр стансасын жаңғыртуды көздейді. Курчатовта қуаттылығы 700 МВт болатын КЭС құрылысы басталды. ЖЭК саласында 2035 жылға дейін жиынтық қуаты кемінде 8,4 ГВт болатын жобаларды жүзеге асыру көзделген.

ТКШ: жаңғырту 700-ден астам жобаны қамтиды

Коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңартудың негізгі тетігі – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы. Оның өтінімдер тізілімінде тозу деңгейі мен техникалық жай-күйі туралы әртүрлі 700-ден астам жоба бар.

Ұлттық жоба шеңберінде 20 өңірде 451 табиғи монополия субъектісінің жағдайы талданды, оның 305-і жаңғыртуды дербес қаржыландыруға мүмкіндіктері шектеулі. 2029 жылға дейін маңызды инфрақұрылымдық тәуекелдерді жүйелі төмендету көзделген. Қомақты қаражат сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға тікелей бағытталады. 2025 жылы республикалық бюджеттен 257 жобаны жүзеге асыруға 106 млрд теңге, Арнаулы мемлекеттік қордан тағы 229 жобаға 135,8 млрд теңге көзделген. 2026 жылы жалпы сипаттағы трансферттер мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға шамамен 209 млрд теңге қарастырылған. Қазақстандық тұрғын үй компаниясының желісі бойынша шамамен 145 млрд теңге сомасына 103 жобаны қаржыландыру қамтамасыз етілді. Қаражат жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін, су тазарту кешендерін реконструкциялауға және өндірістік процестерді автоматтандыруға бағытталады.

Сумен жабдықтау: тозуды азайту және тазарту қондырғыларын жаңарту

2021 жылдан бастап халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге шамамен 1,6 мың жоба аясында 835 млрд теңге бағытталды. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен 34 қала және 756 ауылдық елді мекен қамтамасыз етілді, ал тағы 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды.

Қолданыстағы желілердің тозу деңгейі төмендеп келеді. Сумен жабдықтау желілерінің тозу көрсеткіші 2023 жылғы 40%-дан 2025 жылы 38%-ға дейін төмендеді. Су бұру желілерінің тозу көрсеткіші тиісінше 56%-дан 54%-ға дейін төмендеді. Ұлттық жоба 2029 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33%-ға дейін, ал су бұру желілерінің тозуын 41%-ға дейін төмендетуді көздейді. Сонымен қатар кәріз инфрақұрылымы жаңғыртылуда. 2026 жылы 3 жаңа тазарту құрылысын, 2027 жылы — 23, 2028 жылы – 15 және 2029 жылы — тағы 4 нысанды іске қосу жоспарланған. Нақты жобалардың қатарында ондаған мың тұрғындар мен абоненттерге есептелген Зачаган мен Оралдағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бар.

Сапаға сай тариф: бақылау күшейтіледі

Коммуналдық қызметтердің сапасын тарифтік шешімдерге сәйкес арттыру қағидаты инвестициялық бағдарламалар мен табиғи монополиялар субъектілерінің міндеттемелері арқылы іске асырылады. Олар үшін сапа, сенімділік және тиімділік көрсеткіштері белгіленеді, ал міндеттемелер орындалмаған жағдайда тариф қайта қаралуы немесе уақытша өтемдік тариф енгізілуі мүмкін.

Smart Turmys: коммуналдық сала цифрлық есепке көшуде

Ашықтықты арттыру құралдарының бірі – Ұлттық цифрлық Smart Turmys платформасы. Ол жылжымайтын мүлік объектілері, абоненттер, есептеулер, төлемдер және коммуналдық ресурстарды тұтыну туралы деректерді бір жүйеге біріктіреді.

Сонымен қатар ресурстарды интеллектуалды есепке алу ауқымы кеңейіп келеді. 2026-2027 жылдары шамамен 4,76 млн интеллектуалды есепке алу құралын орнату жоспарланған. Автоматтандыру есептеулердің дәлдігін арттыруға, техникалық және коммерциялық шығындарды ажыратуға, сондай-ақ бүгінде мамандардың қатысуымен қызмет көрсетілетін 9,3 млн есепке алу нүктесінің қызмет көрсету шығындарын қысқартуға тиіс.

Газбен қамту: халыққа және экономикаға арналған инфрақұрылым

2026 жылдың басындағы жағдай бойынша табиғи газбен 13,1 млн адам немесе Қазақстан халқының 64,2%-ы қамтамасыз етілген. 2025 жылы 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын газға қосылды, ал 2026 жылға жоспарланған жобалар аясында тағы шамамен 36 мың адам газға қол жеткізеді. Негізгі мақсат – 2035 жылға қарай газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу. Артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін газ тасымалдау инфрақұрылымы кеңейтілуде. 2026 жылдың соңына дейін жылына 10 млрд м³-ге дейін газ өткізу қуаты бар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісінің желілік бөлігін аяқтау жоспарлануда, ал 2027-2029 жылдары оның өткізу қабілетін жылына 15 млрд м³-ге дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар газ өңдеу қуаттары да артып келеді. Қашағанда жылына 1 млрд және 2,5 млрд м³ газ өңдейтін газ өңдеу зауыттарының жобалары жүзеге асырылуда, Қарашығанақта қуаты жылына 5 млрд м³-ге дейінгі зауыт салу мәселесі пысықталуда, ал Жаңаөзенде қуаты жылына 900 млн м³-ге дейінгі газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр.

Осылайша, энергетика мен ТКШ-ны жаңғырту шаралары қолданыстағы нысандардың сенімділігін арттыру мен жаңа генерация қуаттарын іске қосудан бастап, коммуналдық желілерді жаңартуға, газбен жабдықтауды дамытуға және есепке алуды цифрландыруға дейін салалық инфрақұрылымның барлық кешенін қамтиды.