Астана қалалық Полиция департаменті азаматтардың жүріп-тұруына арналған пандустар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысына арналған орындарға көлік құралдарын тоқтатуға жол берілмейтінін ерекше еске салады. Мұндай әрекеттер мүгедектігі бар адамдардың, балалар арбасын алып жүрген ата-аналардың және кедергісіз жүріп-тұруды қажет ететін өзге де азаматтардың қозғалысын шектейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сонымен қатар дұрыс қойылмаған көлік құралдары жедел медициналық жәрдем, өрт сөндіру қызметі, полиция және авариялық-құтқару қызметтерінің қозғалысына кедергі келтіріп, көмек көрсету уақытының кешігуіне және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
-Еске саламыз, көлік құралдарын тоқтату және қою қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабына сәйкес көлік құралдарын тоқтату немесе қою қағидаларын бұзу әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады. Құрметті жүргізушілер! Көлік құралдарын тыйым салынған орындарда бірнеше минутқа болса да қалдырмаңыздар. Тоқтату және қою қағидаларын сақтау – жол қозғалысының басқа қатысушыларына деген құрметтің белгісі, - делінген хабарламада.