Оқушылар «Tarlan Astana» көлігінде патриоттық әнді орындады

Оқушылар «Tarlan Astana» көлігінде патриоттық әнді орындады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы №104 жалпы орта мектептің оқушылары елорданың ерекше нысандарының біріне айналған «Tarlan Astana» көлігінде «Көк тудың желбірегені» патриоттық әнін орындады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл бастама еліміздің тәуелсіздігін дәріптеп, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталған.

«Республика күні – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын маңызды мереке. Біз оқушыларға «Көк тудың желбірегені» әнін орындату арқылы олардың тәуелсіз елдің ұрпағы екенін сезініп, туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыруды мақсат еттік. Өйткені өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге және елдік құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз», – деді мектеп директоры Нұртас Құрманғалиұлы.