Полиция азаматтарды демалыс орындарын таза ұстауға шақырады

Полиция азаматтарды демалыс орындарын таза ұстауға шақырады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада полиция жазғы демалыс маусымында қоғамдық орындарда тәртіп сақтау қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Саябақтар, гүлзарлар мен бақтар елорда тұрғындары мен қонақтарының ең көп баратын демалыс орындарының бірі болып қала береді. Солардың қатарында күн сайын мыңдаған адам серуендеп, отбасымен уақыт өткізіп немесе табиғат аясында тынығу үшін келетін ботаникалық бақ та бар. Алайда демалыстан кейін аумақта пластик ыдыстар, қаптамалар, бөтелкелер және өзге де тұрмыстық қалдықтар қалып, айналаны ластап, келушілерге қолайсыздық туғызатын жағдайлар жиі кездеседі.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық рейдтер өткізіп, келушілерге қоғамдық тәртіпті сақтаудың, қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қараудың және көпшілік демалатын орындардың тазалығын қамтамасыз етудің маңызын түсіндіруде. Соған қарамастан құқық бұзушылықтар әлі де тіркелуде. Жыл басынан бері ботаникалық бақ аумағында абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 785 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 350 дерегі анықталып, ұсақ бұзақылықтың үш фактісі тіркелді.