Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттық корпуспен кездесті. Ашық әрі жұмыс форматында өткен жиында депутаттар тұрғындар күн сайын көтеріп жүрген өзекті мәселелерді ортаға салды.
Кездесуде ең алдымен әлеуметтік нысандарға апаратын кірме жолдардың құрылысы талқыланды. Заманауи мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер салынып қана қоймай, оларға қолайлы әрі қауіпсіз көлік қатынасы қамтамасыз етілуі қажет.
Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жылумен қамту, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі – елорда тұрғындарының жайлы өмір сүруінің негізгі кепілі. Осыған байланысты болашақта инфрақұрылымдық мәселелердің алдын алу үшін КОС-2 құрылысын аяқтау аса маңызды.
Жүздесуде елорда жолдарының сапасы да кеңінен талқыланды. Бүгінде жол жабынына ауыр салмақ түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі – ауыр жүк тасымалдайтын құрылыс техникасы. Сондықтан бұл мәселе кешенді шешімді қажет етеді.
Сонымен қатар депутаттар жаңа медициналық мекемелер салу, балабақшалар ашу, коммуналдық қызметтер мен автобус парктерінің автопарктерін цифрландыру, жекелеген тұрғын үй кешендерін сенімді электрмен қамтамасыз ету, сондай-ақ мәдениет нысандарын цифрлық трансформациялау және олардың мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділігін кезең-кезеңімен азайту мәселелерін көтерді.
«Пригородный» тұрғын алабын дамыту перспективалары, оның ішінде ескі қазандықты табиғи газға көшіру арқылы қайта жаңғырту мәселесі де қаралды.
Кездесу соңында қала әкімі елорданы одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті. Биыл КОС-2 құрылысына қажетті қаржы толық көлемде бөлінеді. Алдағы уақытта Айтматов көшесі қаланың маңызды айналма магистральдарының біріне айналып, елорданың дамуы Қызылсуат пен Үркер бағытында жалғасады.
Сонымен қатар LRT желісін одан әрі дамыту жоспары таныстырылды. Болашақта желіні Қосшы бағытына, Айтматов көшесі, Тұран даңғылы арқылы әрі қарай Жеңіс даңғылымен ескі теміржол вокзалы ауданына дейін ұзарту көзделіп отыр.