Астанада полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің маңында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда, astana-akshamy.kz.
Осындай жағдайлардың бірі тұрғын үй кешендерінің маңында орналасқан мейрамхана жанында тіркелді. Анықталғандай, 32 жастағы ер адам салтанатты шараның аяқталуын атап өту мақсатында отшашу ұйымдастырған. Алайда мерекелік фейерверк жақын маңдағы тұрғындардың тыныштығын бұзған. Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот қаулысымен ер адам бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Полиция пиротехникалық бұйымдарды белгіленген талаптарды бұза отырып пайдалану азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, тұрғындардың тыныштығын бұзуы мүмкін екенін ескертеді. Мерекелік шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Мереке өзгелердің тыныштығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі тиіс.