Отбасылық-тұрмыстық қатынастар өзара құрметке, қауіпсіздікке және заң талаптарын сақтауға негізделуі тиіс. Отбасындағы жанжал тек жеке мәселе болып саналмайды. Қазақстан Республикасының заңнамасында жәбірленушілерді қорғау, құқық бұзушыларға қатысты профилактикалық бақылау жүргізу, сондай-ақ жақын адамдарға қатысты зорлық-зомбылық, қорлау және қудалау әрекеттері үшін нақты жауаптылық көзделген.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қандай қатынастар жатады?
Бұл – ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, бірге тұратын немесе бұрын бірге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар. Осыған байланысты заңмен көзделген қорғау шаралары ресми некеде тұрған адамдарға ғана емес, бірге тұратын адамдарға, туыстарға және ортақ балалары бар ата-аналарға да қолданылады.
Қандай әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады?
Әдепсіз сөздер айту, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамдарға құрметсіздік білдіретін, олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үй-жайда жасалған, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ өзге де әрекеттер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 73-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Мұндай құқық бұзушылық үшін ескерту, 20 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген. Бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда сот 40 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындайды. Әкімшілік қамақ қолдануға болмайтын адамдарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Қауіп төнген немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жағдайда не істеу керек?
Полицияға «102» нөмірі арқылы дереу хабарласу, арыз беру немесе болған оқиға туралы өзге тәсілмен хабарлау қажет. Мәселен, жыл сайын «102» арнасына отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты 9 мыңнан астам қоңырау түседі.
Полиция оқиға орнына барып, жанжалды тоқтатуға, жәбірленуші мен балалардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті бағалауға, сондай-ақ дәлелдемелерді жинауға міндетті. Атап айтқанда, түсініктемелер, куәлардың айғақтары, фото және бейнематериалдар, дене жарақаттарының іздері, бұрынғы шақыртулар туралы мәліметтер тіркеледі.
Егер қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталса, қылмыстық істі бастау мәселесін шешу үшін материалдар тиісті тәртіппен жолданады. Мұндай белгілер болмаған жағдайда әкімшілік іс жүргізу басталады.
Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы қандай шараларды қамтиды?
Кеңінен қолданылатын шаралардың бірі – қорғау нұсқамасын шығару және құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу.
Қорғау нұсқамасын ішкі істер органы шығарады. Ол құқық бұзушыға жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, аңдуға, оған баруға, қоңырау шалуға, ауызша немесе өзге де тәсілдермен байланыс жасауға, оның ішінде кәмелетке толмаған не әрекетке қабілетсіз отбасы мүшелері арқылы байланыс орнатуға тыйым салады.
Қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі – ол өзіне қатысты шығарылған адамға табыс етілген сәттен бастап 30 тәулік.
Қорғау нұсқамасын бұзу ӘҚБтК-нің 461-бабында көзделген дербес әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Оны бұзғаны үшін 10 тәулікке, ал бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген. Егер адамға әкімшілік қамақ қолдану мүмкін болмаса, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Қанша қорғау нұсқамасы шығарылады?
Жыл сайын полиция органдары 16 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарады. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде олардың саны 11 мыңнан асты.
Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптарды кім белгілейді?
Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптарды сот үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге белгілейді.
Негізінен, мұндай талаптар жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, аңдуға, оған баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, сондай-ақ оның өзге де тәсілдермен, оның ішінде кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз отбасы мүшелері арқылы байланыс орнатуына тыйым салуды қамтиды. Сонымен қатар алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынуы мүмкін.
Мұндай шаралар бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған, жәбірленуші құқық бұзушымен байланыс орнатудан қауіптенген немесе құқық бұзушылық алкогольдік масаң күйде жасалған жағдайларда ерекше өзекті.
Сот белгілеген ерекше талаптарды бұзу ӘҚБтК-нің 669-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Бұл ретте 10 тәулікке, қайталап бұзған жағдайда 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу, ал әкімшілік қамақ қолдану мүмкін болмаған жағдайда 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Тараптар татуласқан жағдайда не болады?
Тараптардың татуласуына бір рет және тек сотта ғана жол беріледі.
Егер ӘҚБтК-нің 73-бабында көзделген құқыққа қайшы әрекеттердің фактілері анықталса, материалдар сотқа жолданады. Сот хаттаманың заңдылығын, дәлелдемелерді тексереді, тараптарға олардың құқықтарын түсіндіреді және заңды негіздер болған кезде, оның ішінде тараптар татуласқан әрі құқық бұзушылық алғаш рет жасалған жағдайда, іс жүргізуді тоқтату мүмкіндігін қарайды.
Алайда жәбірленуші шара қолдануды сұраса, өзінің немесе балаларының қауіпсіздігіне алаңдаса, қорғау шаралары тараптардың формальды түрде татуласқанына қарамастан қолданылады.
Профилактикалық есеп дегеніміз не?
Профилактикалық есепті полиция жеке профилактика шаралары қолданылатын кезеңде жүргізеді. Атап айтқанда, қорғау нұсқамасы шығарылған, мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген, ресми ескерту жасалған немесе әкімшілік қадағалау белгіленген адамдар есепке қойылуы мүмкін.
Қорғау нұсқамасы шығарылғаннан кейін бір тәулік ішінде жауапты полиция қызметкері айқындалады. Есепке қойылған адамдар туралы мәліметтер үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге енгізіледі. Қорғау нұсқамасы шығарылған немесе мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдарға бақылау кемінде әрбір 7 күнтізбелік күн сайын жүргізіледі.
Қандай қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары бойынша жауаптылық көзделген?
Егер әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабында көзделген сталкинг, яғни адамның еркіне қарсы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын және елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау үшін қылмыстық жауаптылық туындауы мүмкін.
Бұл әрекет үшін 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, түзеу жұмыстарына, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазалары көзделген.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша азаптау үшін жауаптылық көзделген. Бұл – жәбірленушіні азаптау мақсатында ерекше қатыгездікпен, қорлаумен ұштасқан күш қолдану әрекеттері арқылы оған дене немесе психикалық азап келтіру, егер бұл әрекет денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтірмесе.
Сталкинг және азаптау істері бойынша қылмыстық іс жүргізу жәбірленушінің шағымы негізінде басталады және тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылуы мүмкін.
Жәбірленушілерге қандай көмек көрсетіледі?
Жәбірленушінің немесе кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда полиция дағдарыс орталықтарына, мысалы, «Қорғау» немесе «Үміт» орталықтарына уақытша орналастыру мүмкіндігі туралы хабарлайды. Сонымен қатар психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік бейімдеу және оңалту шаралары ұйымдастырылуы мүмкін.
Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 400-ге жуық адам жүгінген.
Профилактикалық жұмысқа білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау органдары, сондай-ақ отбасыны қолдау орталықтары тартылады.
Нені есте сақтау маңызды?
Өзіңізге немесе отбасы мүшелеріне қатысты зорлық-зомбылық жасау қаупі туындаған жағдайда полиция органдарына дереу хабарласу қажет. Көмекке уақтылы жүгіну қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте фотосуреттерді, хат алмасуларды, аудио және бейнежазбаларды қоса алғанда, барлық дәлелдемелерді сақтау маңызды.
Қажет болған жағдайда қорғау нұсқамасын шығару және сот арқылы адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы өтінішхат беруге болады. Аталған талаптарды бұзу әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары дағдарыс орталықтарына уақытша орналаса алады. Онда оларға психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек көрсетіледі.
Қылмыстық іс шеңберінде жәбірленушінің қауіпсіздігі дереу қамтамасыз етіледі: заңды негіздер болған жағдайда отбасылық зорлық-зомбылық жасаған адам бір тәулік ішінде уақытша ұстау изоляторына қамалады.
Заң қорғауды қажет ететін жандардың жағында.
Жанар Қонақбаева,
Астана қаласы прокуратурасы
басқармасының прокуроры
әділет кеңесшісі