Өткен аптада елорданың «Жастар» театрында «Ғашықтар күні» лирикалық драмедияның премьерасы өтті. Қойылым авторлары – Данияр Саламат пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин, қоюшы режиссері – Дәурен Серғазин.
Спектакльдің жанры айтып тұрғандай, драма мен комедияның қосындысынан туған туынды көрерменді күлдіреді де, мұңайтады да. Үш дос пен үш құрбы қыздың кездесіп, бастаңғы жасаумен көңілді басталатын хикая ақыры драмамен аяқталады. Жастар бас қосқан үй иесі бойжеткеннің әкесі құқық қорғау мекемесі қызметкерінің үйінде тапаншасы бар болып шығады. Ата-ананың үйде жоқтығын пайдаланып, отырыс өткізген жігіттер мен қыздар суық қарумен ойнайды. Соңында ойыннан от шығады.
Ерекше айта кетерлігі, бұл қойылым 18 жасқа толған және осы жастан асқан көрермендерге арналған. Біздіңше, ең алдымен отбасы құндылығын, сүйген жарға адалдығын дәріптейді. Тарқата кетсек, Мейірғат Амангелдин, Данияр Оразалин, Елдос Шәйкенов сынды белгілі актерлер сомдайтын достар желік қуып, «біз – қыранбыз, біз – бүркітпіз, біз – самұрықпыз» деп күпінеді. Сөйтіп жүректерін жаулаймыз деген ниетпен үш қызбен танысады. Бұл кездесуді «Ғашықтар күні» деп атайды. Жеме-жемге келгенде, үш жігіт те отбасылы, балалы-шағалы болып шығады. Бұл қойылымның соңына қарай анықталады.
Қыздар да оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Олар жігіттердің бастары бос емес екендіктерін алдын ала білген секілді. Кездесудің сценарийін де әу бастан-ақ ойластырған сияқты. Әйтпесе, достардың қолдарына кезек-кезекпен тапаншаны беріп, оларға қарақшы бейнесін ойнауды тапсырып, өздерін тоналған адам кейіпінде көрсетпес еді. Бойжеткендер сол көріністі ұялы телефондарына түсіріп алады. Сондағы арам ойлары – бейнежазбаны көрсетіп, жігіттерді қорқытып, ақша талап ету. Солай болады да. Достар сотталудан қорқып, «Каспий» арқылы несие алып, қыздардың есепшотына аударады.
Осындай немесе осыған ұқсас оқиғалар қазір кездеспей қоймайды. Ең соңында жігіттер бостан босқа желік қуғандарын түсініп, тәубелеріне түсіп, өздерінің сүйіп қосылған жарларынан, балаларынан артық ешкім жоқтығын түсінеді. Қойылымның негізгі айтар ойы да осы деп пайымдаймыз. Спектакль көрермендерді сезімнің қадірі, сенімнің салмағы, отбасы алдындағы жауапкершілік туралы ойландыруға құрылған. Егер солай болса, онда қойылымның алдына қойған мақсатына жеткені.