Ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюындағы маңызды қадам болды

Ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюындағы маңызды қадам болды
фото: жеке мұрағатынан

 1993 жылғы 15 қараша – ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енген күні. Бұл күн менің есімде ерекше сақталып қалды. Ол кезде бас бухгалтер болып жұмыс істейтінмін. Теңгенің енгізілетінін алдын ала білмедік. Жұмысқа келген күні таңертең осы жаңалықты естідік.

Сол уақытта әр қызметкерге 120 мың рубльге дейін айырбастау міндеті жүктелді. Өзімнің де, отбасымның да қолында артық ақша болған жоқ. Банкте жинаған қаражатымызды өткізіп, теңгеге айырбастадық. Рубльді белгіленген 500 коэффициенті бойынша теңгеге ауыстырдық.

Бұл халық үшін күтпеген жағдай болды. Көпшілік абдырап, жинаған ақшасын айырбастауға асықты. Кейбір таныстарымның өтінішімен олардың ақшасын да банкке апарып, айырбастауға көмектестім. Ол кезде қолма-қол ақша табу өте қиын еді. Ұлттық банктен ақша алу үшін арнайы рұқсатпен кіріп, кейде күні бойы кезекте тұратынбыз. Қажетті қаражатты бір күнде ала алмай, келесі күні қайта келетін кездер де болды.

Ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюындағы маңызды қадам болды деп ойлаймын. Бұл – еліміздің саяси және экономикалық тұрғыдан дербес шешім қабылдауына жол ашқан тарихи кезең. Баға саясатын қалыптастырудан бастап, өнеркәсіп пен сауда-саттықты дамытуға дейінгі көптеген бағытты өзіміз реттей бастадық. Уақыт өте келе экономикамыз да жаңа жағдайға бейімделіп, тәуелсіз даму жолына түсті.

Жалпы, бұл кезең еліміздің экономикасы үшін өте ауыр болды. Кеңес Одағы тарағаннан кейін көптеген зауыттар мен фабрикалар жабылып, өндіріс орындары тоқырауға ұшырады. Қазақстан бұрынғы одақтас республикалармен тығыз экономикалық байланыста болғандықтан, бұл өзгерістер бізге де қатты әсер етті. Азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлар тапшылығы сезіліп, сауда-саттық негізінен базарларда жүрді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Теңгенің енгізілуі де, одан кейінгі экономикалық өзгерістер де халықтың жадында ерекше кезең ретінде сақталды.

Қорытындылай келе, 15 қараша – Ұлттық валюта күні құтты болсын! Теңгенің қалыптасу кезеңін өз басымнан өткерген адам ретінде бүгінгі жетістігіне шын жүректен қуанамын. Төл валютамыздың тұғыры әрдайым биік, экономикамыз тұрақты болсын! Теңгеміз еліміздің өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына қызмет ете берсін. Елімізге тыныштық, халқымызға амандық пен береке тілеймін!

Сәуле Болатова, 

қаржы саласының ардагері, 

Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткері