Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың, білім мен руханиятқа ұмтылатын ұлт болудың маңызын үнемі айтып келеді. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі Астанадағы Байқоңыр аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жүзеге асып отыр.
Орталықта зейнеткер, ұстаз әрі қаламгер Маржан Пірімбетова өзінің көп жылдар бойы жинаған отбасылық кітапханасын оқырман қауымның игілігіне ұсынды. Ол үйінде сақталған 3500-ге жуық кітапты орталыққа тегін сыйға тартқан. Осылайша жеке кітап қорын көпшілікке ортақ рухани қазынаға айналдырды.

«Кітаптарымды осында келетін қызмет алушылар, орталық қызметкерлері және басқа да оқырмандар пайдаланып, игілігін көрсе екен деген ниетпен сыйға тарттым. Мен үшін кітап – үлкен рухани байлық. Оны өзің оқып қана қоймай, өзгелермен бөлісу де маңызды», – дейді Маржан Пірімбетова.

Кейіпкердің кітапқа деген қызығушылығы бала кезден қалыптасқан. Бүгінде ол өмірінде 3000-нан астам кітап оқығанын айтады. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, журналистика мен шығармашылық саласында ізденген ол кітап жинауға да ерекше көңіл бөлген. Соның нәтижесінде жылдар бойы қалыптасқан мол кітап қоры бүгінде орталық оқырмандарына қызмет етіп отыр.

Маржан Пірімбетова кітап оқуды жеке әдет ретінде ғана емес, адамдарды біріктіретін, пікір алмасуға мүмкіндік беретін мәдени орта қалыптастыратын құрал ретінде бағалайды. Сондықтан орталықта кітап оқуға және оқыған шығармаларды талқылауға арналған түрлі кездесулер мен конференциялар ұйымдастырып келеді.
«Мен жалпы кітап оқу жайлы, кітап оқитын қоғам қалыптастыру мақсатында үнемі конференциялар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырамын. Онда оқыған кітаптарымызды өзара талқылап, пікір алмасып, қорытынды шығарамыз. Жақында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», Дулат Исабековтің «Қарғыны», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі», Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романдарын оқуға таңдадық», – дейді ол.
Зейнеткер алдағы уақытта Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты кітабын да бірге оқып, талқылауды жоспарлап отыр. Оның пікірінше, әділетті қоғам құру – белгілі бір топқа ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ міндет.

«Әділетті қоғам құру идеясы бәрімізге қатысты. Мейлі лауазымды тұлға бол, мейлі басқа салада еңбек ет, бәріміз осы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әділетті қоғам құруға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Бұл – ең алдымен ертеңгі ұрпағымыз үшін қажет дүние», – дейді Маржан Пірімбетова.
Ол орталықтағы қызметін кітап оқумен ғана шектемейді. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен тәжірибесін пайдаланып, мұнда қызмет алушыларға қазақ тілінен сабақ береді. Әсіресе өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық танытып, Маржан Бектұрсынқызының дәрістеріне қатысып жүр.

Маржан Пірімбетова – бірнеше кітаптың авторы. Оның қаламынан «Ұзақ өмір сүру формуласы», «Ізгілік философиясы», «Қазақ әйелдері әлем жанарында», «Көңіл терезесі», «Мәуелі бақ» атты еңбектер жарық көрген. Қаламгер ретінде ол қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесіне де ерекше қызығушылық танытады. Соның ішінде қазақ әйелдерінің болмысын терең суреттеген Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын жақын тартады.
Бүгінде Маржан Пірімбетова жинаған мыңдаған кітаптың жаңа оқырмандары пайда болды. Оның жеке кітапханасын орталыққа сыйға тартуы – рухани құндылықты өзіңде сақтап қалмай, көпшілікпен бөлісудің жарқын үлгісі.
Шапағат ӘБДІР