Астана жол дистанциясы жыл сайын темір жолға жақын орналасқан мектептерде оқушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кезекті кездесу Астана қаласындағы №25 мектепте ұйымдастырылып, оған 9-11-сынып оқушылары қатысты. Дәрісті Астана жол дистанциясының жол инженері Жанболат Сапарғалиев өткізді.
Кездесу барысында оқушыларға темір жол арқылы өткенде барынша мұқият болу қажеттігі түсіндірілді. Темір жолды тек белгіленген орындардан кесіп өту, жолдан өтер кезде айналаға мұқият қарау, құлаққаппен музыка тыңдамау және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігі ескертілді.
Маман темір жол аумағында кездесетін қауіпті әрекеттерге де тоқталды. Атап айтқанда, балалардың вагон төбесіне шығып ойнауы, рельстерге тас немесе басқа да бөгде заттар қоюы секілді жағдайлардың байқалғаны айтылды. Мұндай әрекеттер адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар оқушыларға қозғалыстағы пойызға жақындамау, пойыздың алдында темір жолды кесіп өтпеу, платформада белгіленген қауіпсіздік шегін сақтау қажеттігі түсіндірілді. Электр қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылып, үзілген электр сымына жақындауға болмайтыны ескертілді.
Кездесу барысында теміржол аумағындағы тәртіп пен құқық бұзушылық мәселесі де қозғалды. Қауіпсіздік талаптарын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілік қарастырылатыны, кәмелетке толмағандардың әрекетіне байланысты ата-аналардың да жауапкершілігі болуы мүмкін екені түсіндірілді.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ержан Болатұлы өз сөзінде мұндай профилактикалық акциялардың оқушылар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіздік ережелерін жүйелі түрде түсіндіру – балалардың теміржол маңында сақтық танытып, өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Жыл сайын өткізілетін мұндай түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – темір жолға жақын орналасқан мектеп оқушыларының қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, қауіпті жағдайлардың алдын алу. Темір жол – жоғары қауіпті аймақ. Сондықтан оның маңындағы қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау әр адамның жауапкершілігінен басталады.