Кеше елордадағы Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шараға ата-аналар мен балалар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық қорлардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
2009 жылдан бері өтіп келе жатқан акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету. Астанадағы Достық үйі оған жыл сайын белсенді түрде атсалысады.
– Президентіміз айтып кеткендей, барлық бала оқуға тең құқылы. Оларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету керек. Мемлекет басшысының бастамасын Астана қаласының әкімдігі қолдап, осындай игі іс-шараны ұйымдастырып отыр. Мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы тұрған балдырғандардың қадамы құтты болсын! Оқуға зерек болып, зейіндері ашылсын! Ата-аналарға, ең бастысы, шыдам тілеймін! Себебі бала оқытқан оңай емес. Әр баланың өзінің талабы, ұмтылысы болады. Соны көре алып, әрі қарай дамытуға күш-қуат берсін! Балаларымыз білім алудан шаршамасын! Осындай игі бастамалардың басында жүрейік, – деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының өкілі Жанна Әбдуәли.
«Жомарт жан» орталығының директоры Хасан Шарипов жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанын айта келе, білім алудың маңызына тоқталды, тілегін жеткізді.
Акция барысында 70 оқушы мектеп сөмкесімен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.