Оқулық – ұрпақтың таным көкжиегін қалыптастыратын маңызды құрал. Сондықтан оны әзірлеу үлкен жауапкершілік пен терең ғылыми ізденісті талап етеді. Бүгінгі таңда білім мазмұны жаңарып, оқыту әдістері жетілдіріліп жатқан кезеңде сапалы оқулық жазудың маңызы арта түсті. Осы орайда оқулық дайындаудың қыр-сыры, ғылыми-әдістемелік талаптары мен қазіргі білім кеңістігіндегі өзекті мәселелер жөнінде филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, оқулық авторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Айман АҚТАНОВАМЕН әңгімелескен едік.
Үлкен жауапкершілік қажет
– Айман Советқызы, қазір оқулық төңірегінде айтылып жатқан әңгімелер аз емес. Өзіңіз де оқытушысыз, бір жағынан әдебиет зерттеумен айналысып жүрген ғалымсыз. Оқулық төңірегінде әңгімелер сізге де бейтаныс емес деп ойлаймыз. Өзіңіз қашаннан бастап оқулық жазу жұмысына араластыңыз?
– Мектеп оқулықтарына қатысты айтылатын сын-пікірлерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі, оқулықтарға жүргізілетін ресми сараптама барысында сарапшылар тарапынан берілетін ғылыми-әдістемелік ескертпелер. Екіншісі, әлеуметтік желілер мен қоғамдық ортада айтылатын жекелеген пікірлер. Бұл екі бағыттағы сынның да өзіндік орны бар.
Сарапшылардың сын-ескертпелері негізінен оқулық мазмұнының оқу бағдарламасына сәйкестігіне, тапсырмалардың ғылыми және педагогикалық талаптарға сай құрылуына, әдістемелік тиімділігі мен оқушы жас ерекшелігіне лайық болуына бағытталады. Яғни, оқулықтың сапасын жетілдіруге тікелей әсер ететін кәсіби талдаулар. Ал әлеуметтік желідегі пікірлердің бір бөлігі оқулықтың ғылыми-әдістемелік деңгейіне қатысты негізді сын болғанымен, едәуір бөлігі жеке талғам мен субъективті көзқарасқа сүйенеді. Мысалы, «бұрын біз оқыған шығармалар неге жоқ», «пәлен автор неге енгізілмеген» деген сипаттағы пікірлер көбіне оқулықтың бекітілген оқу бағдарламасы негізінде жасалатынын ескере бермегеннен туған. Сондықтан мұндай пікірлер әрдайым авторлық шешіммен тікелей байланысты бола бермейді.
Мен оқулық жазу жұмысына 2015 жылдан бастап кірістім. Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып жүргенімде, филология ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі әдіскер, мектеп оқулықтарының авторы Гүлфия Бадамбаева апайымыз арнайы келіп, жаңартылған бағдарлама бойынша «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазу жұмысына қатысуға шақырды. Ол кісінің ұсынысы мен сенімі бұл іске бет бұруыма түрткі болды. Кейін «Атамұра» баспасының басшылығы хабарласып, алғашқы оқулықты жазуды бастадық. Алайда оқулық жазуға бірден кірісуге жүрексіндім, алдымен 5-сыныпқа арналған электрондық оқулық құрастырудан бастадым. Бұл кезеңде еліміз білім мазмұнын жаңарту реформасына көшіп жатқан болатын. Сол кезеңде Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүргізілген қанатқақты бағдарламаларға қатысып, деңгейлік курстардан өттім.
Осы дайындық кезеңдерінен кейін 2017 жылы «Атамұра» баспасынан 5-сынып және 7-сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» деген алғашқы оқулықтарымыз жарық көрді. Солай ретімен 11-сыныпқа дейін «Қазақ әдебиеті» оқулық-кешендерін жазып шықтық. Оқулық-кешеннің ішінде оқулық, хрестоматия, мұғалімге арналған әдістемелік құрал бар. Ал осы оқулықтардың электрондық түрі де арнайы дайындалды.

– Оқулық жазудың алғышартын қысқаша айта кетсеңіз? Оқулық әзірлеу кезінде қандай негізгі талаптар басшылыққа алынады? Оқулықтағы тақырыптарды іріктеу кезінде қандай өлшемдер ескеріледі?
– Оқулық жазу – көп сатылы сараптамадан өтетін күрделі жұмыс. Ең алдымен, оқулықтың мазмұндық сапасы тікелей білім стандарты мен білім беру бағдарламаларына байланысты. Елімізде алғаш енгізілген жаңартылған білім мазмұнына негізделген оқу бағдарламаларын толықтай сапасыз деп бағалауға болмайды. Бұл бағдарламаларды әзірлеу барысында білікті ғалымдар, тәжірибелі әдіскерлер және мектеп мұғалімдері кеңінен тартылды. Дегенмен, бағдарламаның ерекшеліктерін, оның логикасы мен мақсаттарын қоғамға жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз болған сияқты.
Оқулықтың құрылымдық негізі пән бойынша бекітілген үлгілік оқу бағдарламасы болады. Сонымен қатар, елімізде оқулық жазуға нақты талаптар қойылған нормативтік құжаттар бар. Соның бірі – ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №132 бұйрығы. Бұл құжат оқулық мазмұнының құрылымы, ғылыми деңгейі, әдістемелік жүйесі мен оқушы жас ерекшелігіне сәйкестігі сияқты негізгі өлшемдерді айқындайды. Сондықтан оқулық жазу үдерісінде ең алдымен білім беру стандарты, оқу бағдарламасы және осы нормативтік талаптар басты бағдар ретінде алынады.
Сапалы білімнің өзегінде мұғалім тұрады
– Қазіргі оқулықтардың бұрынғы оқулықтардан қандай ерекшелігі бар? Оқулықтағы теория мен практиканың арақатынасы қалай сақталады? Оқулық қосымша құрал, егер оқытушы білікті болса, оны пайдаланбай-ақ бағдарлама бойынша сабақ өте ала ма?
– Қазіргі оқулықтардың басты ерекшелігі – білімді жай ғана мазмұндап беру емес, оқушының құзыреттілігін дамытуға бағытталуында. Бұрынғы оқулықтарда теориялық материал басым болып, оқушы көбіне дайын ақпаратты қабылдаушы рөлінде болса, қазіргі оқулықтар оқушыны ізденуге, талдауға, салыстыруға, өз пікірін дәлелдеуге жетелейді. Сонымен қатар қазіргі оқулықтарда функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған тапсырмалар, жобалық жұмыстар, шығармашылық және зерттеушілік әрекеттер көбірек қамтылған. Цифрлық ресурстармен, жасанды интеллект көмегімен орындайтын тапсырмалар да білім алушының заман талабына сай функционалдық сауаттылықты меңгеруіне көмектеседі.
Оқулықтарда теория мен практика бір-бірінен ажырамайтын тұтас жүйе ретінде қарастырылады. Теориялық материал оқушыға белгілі бір ұғымды, заңдылықты немесе көркемдік құбылысты түсіндіруге қызмет етсе, практикалық тапсырмалар сол білімді қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір теориялық бөлімнен кейін оны бекітетін сұрақтар, талдау жұмыстары, шығармашылық тапсырмалар мен өмірлік жағдаяттарға негізделген тапсырмалар беріледі. Біздің мақсатымыз – оқушының тек білім алып қана қоймай, сол білімді нақты жағдайда пайдалана білуіне жағдай жасау.
Қалай айтсақ та, оқулық – құрал. Бұл жерде ойымыз оқулықтың маңызын төмендету емес, мұғалімнің рөліне ерекше назар аудару көзделгенін айта кету керек. Шын мәнінде, білімнің сапасын анықтайтын негізгі тұлға – мұғалім. Білікті педагог оқу бағдарламасының мазмұнын терең меңгерсе, түрлі дереккөздерді пайдаланып, сабақты шығармашылықпен ұйымдастыра алады. Кей жағдайда оқулықтағы материалды толықтырып, кеңейтіп немесе алдында отырған өз оқушылардың ерекшелігіне қарай бейімдейді. Сондықтан жақсы оқулық пен кәсіби мұғалім бірін-бірі толықтырып тұруы қажет. Егер мұғалім тек оқулықпен шектелсе, сабақтың мүмкіндігі тарылуы мүмкін, ал тәжірибелі ұстаз оқулықты тиімді пайдалана отырып, оны жаңа әдістермен, қосымша материалдармен байыта алады.
– Оқушыларға түсінікті етіп жазу үшін қандай әдістер қолданасыздар? Оқулықтағы қателердің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Оқулық жазудағы басты қағидалардың бірі – оқушының жас ерекшелігі мен қабылдау деңгейін ескеру. Сондықтан күрделі ғылыми ұғымдарды қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуге тырысамыз. Мәтіндерді құрастыру кезінде қысқа әрі нақты сөйлемдерді қолданамыз, жаңа терминдерді мысалдар арқылы түсіндіреміз. Сонымен қатар оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін өмірмен байланысты жағдаяттарды, шығармашылық тапсырмаларды, кесте, сызба және иллюстрацияларды пайдаланамыз. Әдеби шығармаларды талдауда оқушыны дайын қорытындыға жетелемей, өз ойын айтуға, пікір қалыптастыруға бағыттайтын сұрақтар мен тапсырмаларға басымдық береміз.
Оқулықтағы қателер болмауы үшін жұмыс бірнеше деңгейде жүзеге асырылады. Алдымен авторлар ұсынған материалдар ғылыми дереккөздермен мұқият салыстырылып, әрбір мәліметтің дұрыстығы тексеріледі. Одан кейін қолжазба ғылыми сараптамадан, кейін педагогикалық және әдістемелік сараптамадан өтеді. Бұл үрдіске әртүрлі сала ғалымдары, тәжірибелі мұғалімдер мен білім беру саласының мамандары қатысады. Сонымен қатар мәтіннің тілдік сауаттылығы, терминдердің дұрыс қолданылуы, тапсырмалардың оқу бағдарламасына сәйкестігі арнайы редакторлар мен корректорлар тарапынан қайта қаралады. Оқулық апробациядан өткізіліп, мектеп мұғалімдері мен оқушылардың пікірлері де ескеріледі. Анықталған кемшіліктер мен ескертулер негізінде материал бірнеше рет өңделіп, жетілдіріледі. Дегенмен, оқулық қаншалықты мұқият дайындалғанымен, оны адамдар жазатындықтан, жекелеген қателіктердің кездесуі мүмкін. Сондықтан оқулықтарды үнемі жетілдіріп, жаңа басылымдарда анықталған олқылықтарды түзетіп отыру білім беру жүйесіндегі үздіксіз үрдіс болмақ.
Оқулық «ала» болса, білім шала болмай ма?
– Қазір бір сыныптың оқулығы 3-4 баспадан басылып шығады. Бір мектеп «Алматы-кітап» баспасының оқулығын пайдаланса, енді бірі «Мектеп» баспасының оқулығын пайдаланады. Мазмұнында да айырмашылық бар, біреуі бір тақырыпты тереңдеп түсіндірсе, енді біреуі ол тақырыпты сипай қамшылап өте шығады. Бұл білім сапасына әсер етпей ме?
– Бұл сұрақ – қоғамда жиі талқыланатын мәселелердің бірі. Ең алдымен, қандай баспадан шыққанына қарамастан, барлық оқулықтар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен оқу бағдарламасына негізделіп дайындалады. Сондықтан оқушылар меңгеруге тиіс негізгі білім мазмұны барлық оқулықтарда сақталады.
Әрине, авторлық ұстанымға, әдістемелік тәсілдерге және материалды ұсыну ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір айырмашылықтар болуы мүмкін. Бір оқулықта қандай да бір тақырып кеңірек талданса, екіншісінде сол мәселе ықшам беріліп, қосымша тапсырмалар арқылы толықтырылуы ықтимал. Бұл оқыту – мазмұнын емес, оны ұсыну формасын әртараптандыруға бағытталған тәжірибе. Мысалы, «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықтарда көркем мәтіндер негізгі идеяны ашуға бағытталып беріледі. Бұл тұрғыда шығарманың сюжеттік желісі толық сақталып, оқушыға мәтіннің ішкі логикасын бұзбай қабылдауға мүмкіндік жасалады. Яғни, мәтіндер кездейсоқ үзінді ретінде емес, көркем тұтастық ретінде ұсынылады. Сонымен қатар тапсырмалар жүйесі оқу мақсаттарына сай кезең-кезеңімен құрастырылады. Мұнда Блум таксономиясының деңгейлік құрылымы негізге алынады: алдымен оқушының білу және түсіну дағдылары тексерілсе, кейін қолдану, талдау, жинақтау және бағалау деңгейлеріне көтерілу қарастырылады. Осылайша тапсырмалар тек мазмұнды меңгеруге ғана емес, сонымен бірге оқушының сыни ойлау, салыстыру, тұжырым жасау сияқты жоғары деңгейлі танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталады. Нәтижесінде оқулықтағы мәтін мен тапсырма жүйесі бір-бірімен тығыз байланысып, оқушыны тек ақпарат алушы емес, оны талдап, бағалай алатын тұлға ретінде қалыптастыруға қызмет етеді. Бұл білім алушының функционалдық және оқырмандық сауаттылығын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Тағы да айта кететін дүние, білім сапасына әсер ететін басты фактор оқулықтардың арасындағы айырмашылық емес, сол оқулықпен жұмыс істейтін мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен мектептегі оқу үрдісінің ұйымдастырылуы деп ойлаймын. Білікті мұғалім қай оқулықты пайдаланса да, оқу бағдарламасында көзделген нәтижелерге қол жеткізе алады. Сонымен қатар қазіргі жағдайда мұғалім тек бір оқулықпен шектелмей, бірнеше оқу-әдістемелік ресурстарды қатар пайдалану мүмкіндігіне ие. Дегенмен, оқулықтар арасындағы мазмұндық және әдістемелік алшақтықтың шамадан тыс болмауы маңызды.
Сұхбаттасқан
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ